Қазақстанда тұратын орыстардың 60 пайызы буынып-түйініп отыр

Dalanews 06 нау. 2017 06:53 891

Қазақстан тұруға келмей ме? Елден кімдер кетіп жатыр? Неге кетіп жатыр?

Былтыр Қазақстаннан 34 мың адам қоныс аударыпты. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 16,4 пайызға көп. Кетіп жатқандардың көпшілігі көрші Ресейге көшкен. Біржолата…

Нақтылайық: былтыр Ресейге 28 мың адам көшкен. Германияға – 2637, Беларуське – 393, АҚШ-қа – 228, Польшаға – 173, Канадаға – 168 адам біржолата қоныс аударыпты (деректер Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінен алынды).

— Былтыр көшіп келгендерден гөрі көшіп кеткендер көп болды. Осы уақытқа дейін әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымызды қарқынды көшіру жүргізіліп келген. Тоқтап қалды. Қандастарды көшірумен айналысатын бағдарламаның былығы көбейіп кетті. Оның үстіне Қазақстандағы қазіргі ахуал да оңып тұрған жоқ. Бұл да көші-қонға әсер етуде, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Қазақстан баяғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мемлекет емес. Елден кетіп жатқандар, көшіп жатқандар бүгінімен қоса ертеңін де ойлауда.

– Украинадағы оқиғалар ойлантып тастады. Шешім қабылдауға мәжбүрледі. Осы күнге дейін Қазақстанда тұратындардың көпшілігі «сен тимесең мен тимемен» өмір сүрді. «Қиын-қыстау заман туса көшіп кету жеңіл ғой» деген ұстаным саналарына сіңіп қалды. Жалпы мұндай идеологияның өзі қате. Мұны «квартиранттар» идеологиясы деп атайды, – дейді саясаттанушы.

Буынып-түйініп отыр…


Сарымның сөзіне қарағанда Қазақстанда тұратын орыстілді қауымның 60 пайызы буынып-түйініп әзір отыр. Шемодандарын қамдап қойған. Олар бүгін болмаса да ертеңгі күні елден көшетінін біледі. Өзге 40 пайызы Қазақстанда қалу туралы шешім қабылдап қойған. Олар бұл елді Отаны санайды. Әрине, қалар-қалмасын әлі де болса анықтай алмай ойланып жүргендердері де баршылық.

– Бұдан қауіп күтудің қажеті жоқ. Бір жағынан заңды да. Елдің ертеңгі күніне сенбейтіндердің азаюы мен осы елдің болашағын бірігіп қалағысы келетіндердің көбеюі қалыпты құбылыс. Жалпы көші-қон процесін әлеуметтік тұрғыдан зерттейтін институт қажет. Кімнің-кім екенін білу үшін… Айталық, бір отбасы қоныс аударды делік. Неге, не себепті көшті? Осындай зерттеу жүргізілсе Үкімет жалпы көші-қон саясатын бір ізге түсірер еді, –дейді ол.

Қазақстан тұруға келмей ме?


Саясаттанушы Мұхит Асанбаевтың пікірінше, үдере көшудің көкесі әлі алда.
«Тұрмыстық ахуал. Тұрақсыздық. Теңгенің тағдыры. Биліктегі дағдарыс. Бір белгісіздік бар. Бір құлдырау сезіледі. Девальвацияның кесірінен жиған-тергенімізден айырылдық. Әлеуметтік лифті атымен жоқ. Медицинаның сапасы анау. Қайда барсаң да, былық. Жүйесіздік. Әділетсіздік. Тамыр-таныс. Аға-көке. Еңбектің қадірі жоқ. Өйтіп өспесін бәрі біледі. Жасы отызға жетпеген кейбіреулердің бастық боп алғанын қалай түсіндіресіз әйтпесе…»

– дейді ол.

Орыстілді қауымның Ресейге көшуі қалыпты құбылыс дейді Асанбаев. Бұл олардың тарихи отаны өйткені.

«Солтүстіктегі орыс мектебінде оқитындардың көпшілігі кейін ресейлік ЖОО-ларға түседі. Қалып қалады. Жайлы өмірді Ресейден іздейді. Ал аға буынның арасында көрші елге көшіп жатқандар аз. Барса балалары үшін барады. Ал Батысқа, АҚШ-қа кетіп жатқандардың дерлігі жастар. Милыбастар, – дейді сарапшы.

«Пенсия» үшін


Ілгерідегі екі сарапшының сөзін «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер қорының төрағасы Гүлмира Илеуова жоққа шығарып отыр.

Айтуынша, Қазақстанды саяси немесе идеологиялық көзқарасының сәйкеспеуіне байланысты тастап кетіп жатқандардың үлесі шамалы ғана. Сосын көрші елге қоныс аударғандардың арасында егде жастағылар көп екен.

– Бұл бекер емес. Әне-міне «пенсияға» шыққалы отырғандар Ресейге көшкен. Себебі, ол жақтағы зейнетақы жоғары. Бұл тараптағы заңнамасы да бізге қарағанда әлдеқайда озық. Сосын Совет үкіметінен бергі әлеуметтік саясатын сақтап қалған. Бұл егде жастағы азаматтарға ұнайды.

Екіншіден, әрбір адамның таңдауы болады ғой. Көшкісі келді. Көшті. Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Көшіп-қону әлімсақтан бар құбылыс, – дейді Илеуова.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Дереккөзі: 365info.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар