Freedom Inside '26

Қазақстанда терроризм және экстремизм бойынша 13 адам сотталды

Қазақстанда терроризм және экстремизм бойынша 13 адам сотталды
ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, сәуір-мамыр айларында тергелген қылмыстық істер аясында терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар үшін 13 адам сотталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Олардың арасында Астана тұрғыны да бар. Тергеу дерегіне сүйенсек, ол әлеуметтік желіде террористік идеологияны насихаттап, адамдарды террористік аймақтарға баруға үгіттеген. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының тумасы Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Абай облыстарында экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам ұсталған. Олардың қатарында екі шетел азаматы мен шетелден экстрадицияланған үш қазақстандық бар.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілер экстремистік материалдар таратты, адамдарды террористік аймақтарға баруға және өз көзқарастарымен келіспейтіндерге қарсы зорлық-зомбылық жасауға үндеді деген күдікке ілінген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.