Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіру тәртібіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Ішкі істер министрлігі иммигранттардың Қазақстанға кіруі мен елде болуы қағидаларына түзетулер жобасын әзірлеп, оны "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжат 17 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Жобаға сәйкес шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанға кіруге электрон рұқсат беру тетігі енгізіледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл жүйе көші-қон бақылауын күшейтіп, көші-қон ағынын есепке алуды ашық әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елге келетін шетелдіктердің есебін дәлірек жүргізіп, көші-қон рәсімдерінің бір бөлігін автоматтандыру көзделген.
Жоба электрон рұқсат үшін сараланған төлем енгізуді де қарастырады. Бұл қаражат цифрлық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, техникалық қызмет көрсетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жеке деректі қорғауға жұмсалады.
Электрон рұқсат беру жүйесін 2026 жылғы тамыз мен желтоқсан аралығында кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.