20 қазаннан бастап Қазақстандағы сауда желілері әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық өнімдердің міндетті үлесін қамтамасыз етуге тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанда жергілікті өндірушілердің өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге бағытталған жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазақстандық тауарларды өткізуге қолдау көрсету аясында сауда желілерімен 72 меморандум жасалған. Жаңа талаптар 20 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстандағы сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өскен. Оның 40,7 трлн теңгесі көтерме саудаға, 20,5 трлн теңгесі бөлшек саудаға тиесілі.
Сауда айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Негізгі тауарлар қатарында автомобильдер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, азық-түлік және құрылыс материалдары бар.
Сонымен қатар жыл басынан бері республика бойынша «Дала дәмі» ортақ атауымен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық өндірушілердің өнімдерін ішкі нарықта ілгерілетумен қатар, экспорт көлемін арттыру қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, ішкі нарықтың мүмкіндіктерін ескергенде, өндірісті одан әрі ұлғайту үшін шетелдік нарықтарға шығу маңызды. Осыған байланысты Үкімет отандық өнімдерді шетелде ілгерілету, жаңа өткізу нарықтарын игеру және экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.