2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның тауарлар мен қызметтер экспорты 25,4%-ға өсіп, 55,3 млрд долларға жетті, ал қыркүйек айының соңында елдің алтын-валюта резервтері 66,2 млрд долларды құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанда іскерлік белсенділік көрсеткіші мен экспорт көлемі өсіп, қаржы нарығындағы негізгі көрсеткіштер оң динамика көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
Оның дерегінше, 2026 жылғы қыркүйекте іскерлік белсенділік индексі 50,4 тармақты құраған. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы желтоқсандағы деңгейден жоғары. Индекстің 50 тармақтан асуы іскерлік белсенділіктің кеңейгенін білдіреді.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның тауарлар мен қызметтер экспорты 25,4%-ға ұлғайып, 55,3 млрд долларға жетті.
Бизнесті несиелендіру мен депозиттер көлемі өсті
Кәсіпкерлікті қаржыландыру көрсеткіштерінде де өсім байқалады. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бизнеске берілген несиелердің көлемі 16,4 трлн теңгені құрады.
Ал депозиттер көлемі жылдық мәнде 17,2%-ға артып, 50,2 трлн теңгеге жеткен.
Алтын-валюта резервтері $66,2 млрд болды
Қыркүйек айының соңында Қазақстанның алтын-валюта резервтері 66,2 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,2%-ға өскен.
Ұлттық қордың активтері де ұлғайып, 66,7 млрд долларды құрады. Жыл басымен салыстырғанда өсім 4,3% болған.
Сонымен қатар Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларымен үйлестіре отырып, салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясатын жалғастыратынын мәлімдеді.