Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды, олардың 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанда биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 34,7 мыңы заңды тұлға, ал 242,3 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Сонымен қатар есепті кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған.
Министрдің айтуынша, қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған. Ал 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге көшіп, жұмысын жалғастырған.
Қалған 36,6%-ының, яғни 130,3 мың жеке кәсіпкердің неліктен есептен шығарылғаны туралы министр нақты түсініктеме берген жоқ.
Осылайша, есептен шығарылған барлық жеке кәсіпкер бизнестен біржола кеткен жоқ: олардың бір бөлігі қызмет форматын өзгерткен. Ал қалған кәсіпкерлердің қызметін тоқтату себептері әзірге белгісіз.