Қазақстанда 23 млн тонна астық жиналды: өнім сапасы қандай?

Қазақстанда 23 млн тонна астық жиналды: өнім сапасы қандай?
pixabay.com

Қазақстанда биыл 5 млн тоннадан астам майлы дақыл жинау күтіледі, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі тоғыз айда 5,8%-ға өсіп, 7,3 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өсімдік шаруашылығының өндірісі 7,6%-ға артып, 4 трлн теңгені, ал мал шаруашылығының өнімі 3,5%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгені құрады.

Елімізде қазірдің өзінде 23 млн тонна астық жиналды. Егіс алқаптарының 96%-ы орылып, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. Күрделі климаттық жағдайлар мен бидай егісінің қысқаруына қарамастан, астық түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп болжанып отыр.

Майлы дақылдар бойынша да жоғары нәтиже күтіледі. Қазір 3,7 млн тонна өнім жиналған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Маусым қорытындысында майлы дақылдар өнімі 5 млн тоннадан асуы мүмкін.

Алайда мол өнім жинаумен қатар, оны сақтау және нарыққа уақытылы жеткізу мәселесі де маңызды. Қыркүйекте жаңа өнім экспорты 1,1 млн тоннаны құрап, бір жылда 13%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы министрлігі астық қабылдау кәсіпорындарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қолда бар логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға назар аударып отыр.

Азық-түлік өндірісінде де өсім байқалады. Тоғыз айда өндіріс көлемі 13,8%-ға артып, 3,2 трлн теңгеге жетті. Өсімдік майының өндірісі 25,2%-ға, ұн өндірісі 13,9%-ға, ал балмұздақ өндірісі 51,7%-ға ұлғайған.

Министрліктің болжамынша, жыл соңында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6%-ға, азық-түлік өндірісі 9,5%-ға өседі.