Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеді: қай өңірлерде пәтерлер сатылмай қалды?

Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеді: қай өңірлерде пәтерлер сатылмай қалды?
ЖИ: Dalanews.kz

Жыл басынан бері Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату қарқыны төмендеп кеткен. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда тек наурыз бен шілдеде өсім тіркелген, ал кейін сатылым қайта азайған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросы қыркүйектегі тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны туралы жаңа дерек жариялады. Мәліметке қарағанда, баспана саудасы одан әрі бәсеңдеген.

2026 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша тіркелген мәмілелер саны 35 406 болды. 2026 жылғы тамызбен салыстырғанда (35 807) мәмілелер саны 1,1 пайызға азайған.

Қыркүйекте тұрғын үй ең көп сатылған өңірлер:

  • Алматыда 7 248 мәміле немесе жалпы көлемнің 20,5 пайызы;
  • Астанада 6 119 мәміле немесе жалпы көлемнің 17,3 пайызы;
  • Қарағанды облысында 2 540 мәміле немесе жалпы көлемнің 7,2 пайызы.

Ал ең аз сатылым Ұлытау облысында тіркелген. Мұнда бар болғаны 280 мәміле жасалған. Бұл жалпы көрсеткіштің 0,8 пайызына тең.

Қыркүйекте сатылған тұрғын үйлердің 76,5 пайызы пәтерлерге тиесілі. Бір айда 27 096 пәтер бойынша мәміле жасалған. Бұл тамызбен салыстырғанда 623 мәмілеге аз. Пәтер саудасы негізінен Алматы, Астана қалаларында және Қарағанды облысында жақсы жүрген. Сатып алушылар арасында бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары: мұндай баспаналар бойынша 10 434 мәміле тіркелген.

Ал жеке үйлер бойынша қыркүйекте 8 310 мәміле жасалған. Бұл тамыздағы көрсеткіштен 222 мәмілеге көп. Ақтөбе, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында өсім байқалса, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарында сатылым төмендеген.