Қазақстанда мұнай өндіру көлемі былтырға қарағанда 8,3 пайызға төмендеп кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл экономикаға бірқатар фактор кедергі келтіріп отыр.
"Біріншіден, мұнай өндіру көлемі қысқарып, мұнай секторы жалпы ішкі өнім өсуіне кері әсер етіп отыр", - деді Серік Жұманғарин.
Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 69,4 миллион тонна мұнай өндірілген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 8,3 пайызға аз.
Ірі кен орындарындағы өндіріс көлемі де төмендеген:
- Теңізде 26,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Бұл - былтырғы көрсеткіштің 88 пайызы, яғни өндіріс 12 пайызға қысқарған.
- Қашағанда 12,8 миллион тонна мұнай өндірілген. Бұл - былтырғы көлемнің 94 пайызы, 6 пайызға азайған.
- Қарашығанақта 7,5 миллион тонна мұнай өндірілген. Бұл - былтырғы көрсеткіштің 82 пайызы, яғни өндіріс 18 пайызға азайған.