Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қатерлерді алдын ала анықтауға арналған арнайы орталық іске қосылды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, елдегі криминогендік ахуалды талдайды, қауіпті аймақтарды анықтап, ықтимал тәуекелдерді болжайды.
Берік Асыловтың мәліметінше, Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы ел аумағында 360-тан астам ықтимал қауіпті орын анықталған. Қазір бұл аумақтарда полиция патрульдерінің жұмысы күшейтілген.
Сонымен қатар «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мыңнан астам материалды бұғаттаған. Оның ішінде алты мыңнан астам есірткі сататын интернет-дүкен анықталып, қызметі тоқтатылған.
Бас прокурор соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу қарқынын төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай қылмыстар саны 9 пайызға азайған.
«Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде бір миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталып, шетелде жұмыс істеген 12 алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды», – деді Берік Асылов.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында Қазақстанда киберқылмыстардың тек әрбір бесіншісі ғана ашылатынын сынға алған болатын. Осыған байланысты Президент Бас прокуратураға киберқауіптермен күрес тәсілдерін қайта қарауды тапсырған еді.