Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін "Психологиялық қызмет туралы" заң Сенаттың мақұлдауынан өтіп, Президенттің қол қоюына жолданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, осы уақытқа дейін өзін психолог ретінде таныстырып, дипломсыз әрі кәсіби дайындығы жоқ адамдардың қызметіне заң жүзінде тосқауыл болмаған.
"Жалған психологтардың дәурені бітті. Бүгін біздің “Психологиялық қызмет туралы” авторлық заңымыз Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілді”, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, бұған дейін күйзеліске түскен азаматтар әлеуметтік желіден күмәнді сертификаты бар адамдарды тауып, олардың қызметіне жүгінгенімен, көп жағдайда жағдайы одан әрі күрделене түскен.
“Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын. Енді бұл өзгереді”, – деді депутат.
Жаңа заңға сәйкес, енді жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін "психолог" деп атауға тыйым салынады. Сондай-ақ олар "психо-коуч", "психо-кеңесші" секілді атауларды жарнамада пайдалана алмайды.
“Енді арнайы жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін “психолог” деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады”, – деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар психологтар әлеуметтік желілердегі парақшаларында реестрдегі нөмірі мен білімі туралы мәліметті жариялауға міндеттеледі. Ал "бір күнде мәселені шешемін" немесе "100 пайыз нәтиже беремін" деген секілді жалған жарнамалар үшін жауапкершілік қарастырылған.
Заңда депрессия, психологиялық жарақат пен мазасыздық сияқты күрделі мәселелермен тек кәсіби білімі бар мамандардың айналысуына рұқсат беріледі. Бұдан бөлек, психологтарға медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек тағайындауға немесе психоактивті әдістерді қолдануға тыйым салынады. Мұндай жағдайда олар пациентті психиатр дәрігерге жолдауға міндетті.
Сондай-ақ құжат психолог пен клиент арасындағы кәсіби құпияны заңмен қорғайды. Азаматтың жазбаша келісімінсіз оның жеке мәліметтерін жариялауға, бейне немесе аудиоға түсіруге жол берілмейді.
“Мемлекет адамның психикалық саулығы тұрмыстық қызмет емес, өте жауапты іс екенін заңмен бекітті. Міндетіміз – көмек іздеген әр отандасымызға қауіпсіз, сауатты әрі кәсіби жүйені ұсыну”, – деді Мәжіліс депутаты.