Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейінгі жанжал, адам ұрлау және адам өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 20 қаңтарда күндіз қаланың адам көп жүретін жолдарының бірінде болған. Алдымен екі көлік соқтығысып, кейін жүргізушілер арасында жанжал шыққан. Бірнеше минуттан соң оқиға орнына тағы бір көлік келіп, одан төрт адам түскен. Осылайша жолдың бойында 10 адам арасында төбелес басталған.
Жанжал барысында пышақ қолданылып, екі адам жараланған. Алайда оқиғаның басты құрбаны 40 жастағы Василий Колесников болды. Тергеу барысында оның бұған дейін сотталғаны анықталған.
Колесниковты күшпен көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Шамамен екі сағаттан кейін оның пышақ жарақаттарынан көз жұмған денесі Шымкенттен 80 шақырым жердегі Ордабасы ауданының Темірлан ауылынан табылған.
Қылмыстық іс адам өлтіру, бұзақылық және адам ұрлау баптары бойынша тергелген. Қазір сот алдында алты адам жауап беріп жатыр. Процеске үш жәбірленуші қатысуда.
Олардың қатарында қаза тапқан Василий Колесниковтың әкесі Александр Колесников те бар. Ол Шымкентте ұзақ жылдар бойы грек-рим күресінен жаттықтырушы болып еңбек еткен, спорт ардагері.
Бұл іс бойынша тағы екі күдікті әзірге іздеуде жүр. Оларға қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген.