Қазақстанда мұнай-газ кен орындарының аукционы өтті: жеңімпаздар кімдер?

Қаракөз Амантай 28 қар. 2024 16:35 454

Қазақстанда оныншы рет өткен электронды аукционда алты мұнай және газ кен орны сатылымға шығарылды. Аукцион нәтижесінде құқықты жеңіп алған компаниялардың басым бөлігі Қытайға тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

1. Қиғаш учаскесі (Атырау облысы)

Қиғаш учаскесін барлау құқығын Pro Explore Mining Co., Ltd компаниясы иеленді. Компанияның негізін қалаушы – Ян Ченвэй. Индустрия министрлігінің мәліметінше, компания екі ұңғыма бұрғылап, сейсмикалық зерттеу жүргізуге міндеттелді. Жобаның жалпы құны – 9 миллион доллар.

2. Бестақыр учаскесі (Ұлытау облысы)

Бұл учаскеге Sozak Oil and Gas компаниясы ие болды. 2007 жылдан бері Қазақстанның бірнеше өңірінде мұнай мен газ барлаумен айналысып келе жатқан компанияның құрылтайшылары қытайлық акционерлер: Sino-Science Netherlands Petroleum, Shenzhen Andachang Industrial Co., Ltd және басқалары. Жұмыстың болжамды құны – 7 миллион доллар.

3. Азнагүл учаскесі (Атырау облысы)

Бұл учаскені барлау және өндіру құқығы Astana Guangming Mining Co., Ltd компаниясына берілді. Компанияның негізін қалаушы – сингапурлық Jiuyuan Trading SG Pte. Ltd. Жобаның құны – 6 миллион доллар.

4. Жарқамыс Батыс II учаскесі (Ақтөбе облысы)

Аталған учаскені HarmonyOre Mining Co., Ltd компаниясы жеңіп алды. Компанияның жетекшісі – Юн Юн Сун, ол сонымен бірге Қазақстанда тіркелген бірнеше басқа компанияларды басқарады. Бұл жобаның құны 9 миллион долларға бағаланған.

5. Құлсары учаскесі (Атырау облысы)

Kazakhstan Zhonghengyongsheng Energy Co., Ltd компаниясы Құлсары учаскесін барлау құқығына ие болды. Оның құрылтайшысы – сингапурлық Weiye Trading SG Pte Ltd. Бұл жобаның құны 3 миллион долларды құрайды.

6. Шыңғыс-Телсу учаскесі (Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары)

Бұл учаскені RV-Oil&Gas компаниясы жеңіп алды. Компанияның иесі – Фарух Абдухалилов. Бұрын мұнай-газ барлаумен айналыспаған бұл компанияның негізгі қызметі – отын сату. Учаскедегі барлау жұмыстарының құны – 4 миллион доллар.

Электронды аукцион нәтижесінде мұнай-газ кен орындарының басым бөлігін шетелдік компаниялар иеленді. Жобалардың жалпы құны ондаған миллион доллармен есептеледі, ал барлау жұмыстары жақын арада басталады деп күтілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар