Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, олардың туған-туыстары мен жақындарына қолдау білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президенттің атынан жолданған көңіл айту жеделхаттарын Маңғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы және қоғам белсенділері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына табыстады.
Жеделхатта марқұмдардың жақындарына барлық қажетті көмек көрсетілетіні атап өтілді. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар заң аясында ең қатаң жазаға тартылатынын жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің мемлекеттік марапаттарға ұсынылатынын атап өтті.