Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды
Портфель. Көрнекі фото: pixabay.com

Маңғыстау облысының әкімдігінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тағайындаулар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен жүзеге асқан.

Ербол Ізбергенов кім?

Ербол Күреңтайұлы Ізбергенов 1973 жылғы 11 тамызда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясының құрылыс-монтаж учаскесінде тас қалаушы болып бастаған.

Кейін өңірдегі құрылыс мекемелерінде, Ақтау қаласы әкімдігінде еңбек етіп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары және Маңғыстау облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басқарма басшысы болып жұмыс істеген.

2019-2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасының директоры болды.

2020-2023 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2024-2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Бекбол Орынбасаров кім?

Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаров 1971 жылғы 18 маусымда Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1993 жылы Маңғыстау облыстық Кеден басқармасының «Баутино» кеден бекетінде инспектор болып бастаған.

Әр жылдары банк саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде және облыстың мемлекеттік органдарында қызмет етті. Ақтау қаласы әкімінің көмекшісі, қала әкімі аппаратының басшысы, тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болған.

2006-2008 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Ішкі әкімшілік департаментінде басқарма басшысы қызметін атқарды.

2008-2010 жылдары «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-та активтерді басқару департаментінің директоры, кейін басқарушы директор – корпоративтік хатшы болды.

2010-2019 жылдары «Отырар Энерджи» және «Адай» ЖШС компанияларының бас директоры қызметтерін атқарған.

2020-2021 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы болды.

2021-2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2023-2026 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жетінші және сегізінші шақырылымдарының депутаты болып, Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің құрамында еңбек етті.