"Басымды иіп, кешірім сұраймын". Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды

"Басымды иіп, кешірім сұраймын". Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды
gov.kz

Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Маңғыстау облысында қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды.

Министр қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол орны толмас қазаға байланысты отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.

"Құрметті ата-аналары, туысқандары! Мен қорғаныс министрімін. Басымды иіп, сіздердің алдарыңызға көңіл білдірейін деп келдім. Қайғы сіздердікі ғана емес, күллі қазақ елінің қайғысы. Кешіріңіздер... Балаларыңыз үшін сабыр сақтаңыздар. Қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жәннатта болсын. Барлық кінәлі адам жазаға тартылады, соны біліңіздер", – деді Дәурен Қосанов.

Министр жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын ешбір сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.

"Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес, біздің ұлдарымыз,бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз", – деді қорғаныс министрі.

Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған болатын.