Маңғыстаудағы төтенше жағдайдың алғашқы тәулігінде мемлекеттік органдар оқиға, іздеу-құтқару жұмыстары және тергеу барысы туралы ақпаратты жүйелі түрде жариялап отырған. Бұл туралы саясаттанушы Лилия Маньшина Telegram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қорғаныс министрлігінің Каспийдегі қайғылы оқиға туралы алғашқы хабарламасы сағат 13:57-де жарияланған. Кейін жаңалықтар порталдары оқиға орнынан фото және видео жариялап, жағдайды ашық көрсетті.
Мемлекеттік органдар алғашқы хабарламамен шектелмей, іздеу-құтқару жұмыстарының әр кезеңі туралы ақпарат беріп отырған. Саясаттанушының пікірінше, бұл жалған ақпарат, қауесет пен түрлі болжамдар таралуына жол бермей, ақпараттық бастаманы сақтауға мүмкіндік берген.
Алғашқы хабарламадан 16 минут өткен соң, сағат 14:13-те Бас прокуратура қылмыстық іс қозғалғанын және жедел тергеу тобы құрылғанын хабарлады. Тергеу ерекше бақылауға алынғаны айтылды.
Сағат 15:11-де Үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі болды. Комиссия оқиға орнына бірден аттанған.
Сағат 16:47-де Ақорда қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына Мемлекет басшысының көңіл айтуын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссия мен мемлекеттік органдарға қаза тапқандардың отбасыларына көмектесіп, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Сол күні Президент жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
Келесі күні сағат 09:57-де Бас прокуратура жүргізілген тергеу шаралары, соның ішінде сараптамалар мен жауап алулар туралы ақпарат берді. Нәтижесінде алғашқы күдіктілер анықталды.
Үш сағаттан кейін, сағат 13:28-де Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға жауапты бес лауазымды тұлғаның ұсталған сәті түсірілген видеоны жариялады.
Сарапшы БАҚ-та әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша "Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары" ұсталғаны туралы бірдей тақырыптар тарағанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл қоғамға лауазымына қарамастан, қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдар жауапкершілікке тартылатынын көрсеткен.
Бұдан бөлек, БАҚ-та қайырымдылық қаражатын бөлу жөніндегі арнайы комиссияны Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратыны жазылған. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар әскери қызметшілердің отбасыларын толық қолдауға міндеттеме алғаны айтылған.
Кешке Telegram-арналарда өңір басшыларының қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барып, Мемлекет басшысының жеке көңіл айту жеделхаттарын табыстаған сәттері жарияланды.
Саясаттанушының пайымдауынша, хабарламалар уақтылы жариялануы, ақпараттың мазмұны мен БАҚ-тағы материалдардың қарқыны мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етіп, қоғамды оқиғаның барысы туралы хабардар ете алғанын көрсетті.