Данияр Елеусінов Алматы әуежайындағы оқиғадан кейін 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Басылым мәліметінше, медициналық тексеріс нәтижесінде елорданың 35 жастағы тұрғыны жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталған. Тексеріс қорытындысы бойынша ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірден бес бабы бойынша жауапқа тартылған. Қоғамдық орында мас күйде жүргені, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын және әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны, сондай-ақ, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жаза тағайындалған.
Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұшаққа отырғаннан кейін Астанаға ұшудан бас тартқаны, әуе кемесінен өз бетімен шығып кеткені хабарланды. Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қалған жолаушылар да ұшақтан түсірілген. Олардың багажы қайта тексеріліп, әуе кемесіне қосымша тексеріс жүргізілген.
FlyArystan әуе компаниясының рейсі Астанаға үш сағатқа кешігіп жеткен.