Қазақстанда мыңдаған оқушының жеке дерегі тарап кетті

Қаракөз Амантай 12 жел. 2025 15:27

Қазақстан мектептерінде кеңінен қолданылатын Kundelik электронды платформасындағы оқушылардың жеке дерегі интернетке тарап кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жөнінде алғаш болып “Выход к морю” телеграм арнасы мәлімдеді.

Арнаның хабарлауынша, Kundelik – ресейлік “Дневник.ру” платформасының баламасы. Желтоқсан айының басында желіге шыққан мәліметтерде оқушылардың толық аты-жөні, туған күні, оқитын мектебі мен сыныбы көрсетілген. Файлдардағы дерек 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдайды қамтиды, бұл деректер базасының жақында жасалғанын білдіреді.

"Платформа операторлары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ", - дейді дереккөз.

Хабарламада айтылғандай, жеке ақпараттың нақты көлемін бағалау қиын. Darknet-те бірнеше мың жазба жинақталған “сынақ файлдары” пайда болған. Бұл – әлеуетті сатып алушыларға арналған үлгілер ғана. Ал жеке деректе логиндер, парольдер, телефон нөмірлері немесе басқа да жеке ақпарат болған-болмағаны әзірге белгісіз. Kundelik Қазақстандағы мектептердің басым бөлігінде міндетті платформа болғандықтан, оқушылар, ата-аналар және мұғалімдерді қосқанда, жүйе миллиондаған пайдаланушыны қамтиды. Демек, тараған деректердің көлемі өте ауқымды болуы мүмкін.

Kundelik платформасының иелері ретінде оның негізін қалаушы Мұхтар Ильясов, серіктесі – "Зерде" холдингінің бұрынғы топ-менеджері Аскқар Бишигев (Innovation Process Group арқылы), сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева (MP Innovations) және ресейлік “Дневник.ру” компаниясы көрсетілген. Қазақстандық электронды күнделік ресейлік жүйенің технологиясы негізінде әзірленген.

“Дневник.ру”-дың 49%-ы кәсіпкер Гавриил Левиге, 33%-ы бұрынғы ФСИН қызметкері Михаил Кауровқа, 18%-ы бұрынғы мұнайшы Антон Сысоновқа тиесілі. Қалған 3%-ы «Сколково» қорымен байланысты Алексей Соловьевке қарайды. Компания 2011 жылдан бері Ресей мемлекеттік органдарынан 500 млн рубльден астам қаржыландыру алған.

Kundelik пен “Дневник.ру” бұған дейін де деректердің әлсіз қорғалуы, нарықты монополиялау және ақылы қызметтерді енгізу үшін жиі сынға қалған еді. Кейбір жағдайларда платформаларда жарнамалық қателердің кесірінен порнографиялық видеолар пайда болғаны да тіркелген. Мұғалімдер мен ата-аналар жүйенің жиі бұзылатынын талай мәрте көтерген.

Бұл – қазақстандықтардың жеке деректері ресейлік сервистердің қолынан тараған алғашқы жағдай емес. Былтыр желтоқсанда қазақстандықтардың ішкі әуе рейстері туралы мәліметтер жария болған еді. Онда Air Astana, Scat, Qazaq Air және 2020 жылы жабылған Bek Air компаниялары бойынша 700 мыңнан астам рейстің дерегі қолжетімді болған. Жолаушылардың аты-жөні, құжат нөмірлері, телефон нөмірлері мен электронды пошталары көрсетілген ақпарат Ресейдің Leonardo және "Сирена-Трэвел" брондау жүйелерінен тарағаны анықталды. Украиналық KibOrg тобы 664 миллион рейс туралы ақпаратқа қол жеткізгенін мәлімдеген.

Сол кезде Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі ресейлік сервистерді жауапқа тартуға уәде бергенімен, бұл іске аспады. Ал биыл қазан айында Мәскеудегі Басман соты "Сирена-Трэвел"-дің бұрынғы бенефициары Ибрагим Сулеймановты қамауға алды. Ол бұған дейін алаяқтық және қаражат жымқыру бойынша сотталған болса, енді тапсырыспен кісі өлтіру ұйымдастырды деген айып тағылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар