Астана полиция департаменті Каспий құбыр консорциумына (КТК) зақым келуіне қатысты азаматтардың теріс пікір білдіру фактісі бойынша алдын ала тергеу бастады. Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлімі (ұлт аралық араздықты қоздыру) бойынша қарастырылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласы полиция департаменті азаматтардың Каспий құбыр консорциумына қатысты теріс пікір білдіру фактісі бойынша ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлімі бойынша алдын ала тергеу бастады. Алдын ала тергеу барысында, күдіктілерді анықтау және олардың кінәсін дәлелдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады", - деді Бас прокурор Берік Асылов депутат Айдос Сарымның сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар ол бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен заңға қарсы материалдарды таратуға жол берілмейтіндігі, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар екені ескертілгенін айтты. Мұндай түсіндіру жұмыстары аймақтық прокурорлар тарапынан тұрақты түрде жүргізіледі.
Айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі де азаматтар арасында, оның ішінде көтерілген мәселелер бойынша, түсіндіру жұмыстарын БАҚ арқылы жүргізіп жатыр және ведомство бұл туралы өздігінен хабар береді.
