Жыл басынан бері Қазақстанда шамамен 25 адам пранк үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кейінгі уақытта интернетте пранк деп аталатын бейнероликтер мен түрлі экстремалды көріністер жиі таралып жатыр. Бұл әзілсымақ әрекеттер мен қауіпті трюктер әлеуметтік желілердегі хайп үшін жасалады. Өкінішке қарай, “лайк” пен қаралым қуған мұндай әрекеттер жиі әзіл шегінен асып, ойын-сауықтан алыс кетіп жатады. Авторлар жылы шырайлы контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көріністерін инсценировка жасауға, тіпті өз өмірі мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндіруге дейін барады. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпке қатер төндіреді және құқық бұзушылық болып саналады. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді ІІМ ресми өкілі, департамент басшысы Шыңғыс Әлекешев.
Министрліктің мәліметінше, елордада блогерлер лифт ішінде “мәйіт” және балта ұстаған адаммен жасанды шабуыл ұйымдастырған. Бұл видеоролик кездейсоқ адамдардың үрейін тудырған. Пранкке қатысқан барлық адам 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Сондай-ақ Алматы облысында экстремалды бейнеролик түсіру кезінде бір жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секірмек болған. Алайда бұл әрекет қайғылы жағдаймен аяқталды. Ол ауыр жарақат алып, көз жұмды.
"Заңды сақтаңыздар және құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекеттерге бармаңыздар", – деп ескертті Шыңғыс Әлекешев.