Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға өсті, деп хабарлайды Dala News.
Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, өсімнің негізгі бөлігі азық-түлік саудасы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл сегменттің өсімі шамамен 30%-ды құраған.
Министрдің мәліметінше, қаңтар–мамыр айлары аралығында азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, 1,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Сонымен қатар импортқа тәуелділік 14,7%-ға дейін төмендеген.
Оның айтуынша, Қазақстан күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.
Азық-түлікке жатпайтын секторда да оң динамика байқалған. Бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12%-ға өсіп, 10 млрд АҚШ долларынан асқан. Ал импорт көлемі 4,4%-ға артқан.
Министрлік мәліметінше, отандық өнімнің сауда желілеріндегі үлесін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленген. Оларға сәйкес азық-түлік тауарлары үшін сөре кеңістігінің кемінде 50%-ын, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар үшін кемінде 30%-ын қазақстандық өнімдерге беру көзделген.
Сонымен қатар жыл соңына дейін отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail цифрлық платформасын іске қосу жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, елде жыл сайын 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Биылғы жылдың басынан бері 4,6 мың жәрмеңке ұйымдастырылған. Бұл жәрмеңкелерде қазақстандық өндірушілерге сауда орындары тегін ұсынылады.
Сондай-ақ мемлекеттік бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері шекарада шамамен 13 мың автокөлік тексеріліп, 13 мың өнім үлгісі зерттелген. Нәтижесінде 1,8 мың өнімнің талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып, 1,1 мыңнан астам сәйкестік сертификатының күші жойылған.
Бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт 14,5%-ға өсіп, 11,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал экспортты сақтандыру көлемі бірінші жартыжылдықта 400 млрд теңгеден асып, жыл соңына дейін 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады деп жоспарланып отыр.