Қазақстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынды: Өнер иелері не дейді?

Қаракөз Амантай 09 жел. 2025 13:56

Қазақстанда әншілерге концерттерде фонограммамен ән айтуға тыйым салынды. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған заңға қол қойды. Бұл шешімге өнер иелерінің көзқарасы қандай? Dalanews.kz редакциясы бірқатарының пікірін ұсынады.

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова жаңа заңды қолдайтынын, алайда оның түсініксіз тұстары бар екенін атап өтті.

“Бұндай заң шығып жатса, оған қарсы емеспіз. Бірақ біздің елге келіп жатқан шетелдік әншілер, мысалы, Ресей жұлдыздары немесе Джей Ло секілді әлемге белгілі орындаушылар да фонограммамен ән айтады. Олар дабл-трек қосып, фонограмманың үстінен өз дауыстарын қосады. Сонда бұл заң оларға да қолданыла ма, әлде тек қазақстандық әншілерге ғана ма?”, — деді ол.

Әншінің айтуынша, жеке концерт кезінде жанды дауыста ән айту маңызды. 

"Жеке концерт кезінде жанды дауыста ән айту – дұрыс. Себебі бұл көрерменге есеп беру болып саналады. Алайда стадиондарда немесе ашық алаңдарда фонограммамен айтуға болады деген норма бар деп естідім, бірақ оны нақты зерттеп көрген жоқпын", — деп қосты ол.

Жүнісова телевизиялық түсірілімдер мен музыкалық кештердің көбі фонограммамен өтетінін еске салды.

“Жаңа жылдық бағдарламалар, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов секілді белгілі композиторлардың кештері бар. Олардың бәрін телеарналар түсіреді және барлығы фонограммамен жазылады. Бұл – біздің ұсыныс емес, жалпы телеөндірістің талабы. Ресейде де, шетелдерде де дәл солай: тележобалардың көбі фонограмманы қолданады. Сондықтан заң тек жеке концерттерге қатысты ма, әлде барлық ортаға бірдей қолданыла ма деген сұрақ туындайды", - дейді ол.

Өнер иесінің айтуынша, елде кәсіби дауыс жазатын мамандар тапшы, сондықтан дыбысты таза жазу қиын.

2009 жылы берген концертімде дыбыстар сапасыз шыққан. Домбыраның дауысы жазылмай қалған, оркестрдің жартысы ғана естілген. Оны кейін фонограммамен түзеткеннің өзінде, бәрібір келіспеді. Себебі жанды дауыста басқаша айтасың, фонограммада басқаша. Бұл да бір мәселе.

Бізде білікті дауыс жазатындар өте аз. Дыбысты таза жаза алмайды. Сондықтан көптеген әнші жеке концертін сирек беретін шығар деп ойлаймын. Өйткені оның машақаты көп. Арнайы кәсіби дыбыс жазатындарды жалдау керек”, — деп қосты ол.

Сонымен бірге, өнер иесі жеке кеш берудің шығыны да көп екенін атап өтті. Айтуынша, оны көптеген әншінің қалтасы көтере бермейді.

“Музыканттарды өз қалтамыздан жалдаймыз. Мәселен, мен “Құрманғазы”, “Отырар сазы", Астана, Қарағанды оркестрлерімен жұмыс істеймін. Оларға 6-7 мың долларға дейін төлеймін. Өйткені фонограмма қолданбаймыз. Домбыра, гитара, романс, бәрі жанды дауыста орындалады. Сондықтан жеке концерт берудің шығыны көп”, - дейді ол.

Мақпал Жүнісова заң бәріне бірдей әділ қолданылуы керек деп есептейді.

Әнші тек жанды дауыста айтуы керек" деген түсінік бір жақты қалыптасқан. Қалғаны фонограммамен айта береді. Бұл әділ емес. Егер заң бәріне бірдей қолданылса - құптарлық. Ал 5-6 әнші ғана жанды дауыста айтып, басқалары фонограмма қолдана берсе, бұл әділетсіз болады. Сондықтан мен жанды дауыспен айтуға қарсы емеспін, бірақ заң барлық әншіге, барлық ортада әділ қолданылуы тиіс”, — деп түйіндеді ол.

Заң сахнаны тазалайды

Танымал музыкант Ерлан Көкеев те бұл шешімді құптайтынын жеткізді. Айтуынша, қабылданған заңның нәтижесінде сахна кәсіби емес әншілерден біршама тазарады.

“Фонограмма - бұл қорқыныш, бос сезім, алдау және сыртқы көріністі талантқа айналдыру әрекеті. Қазір бұл қойылымға ресми түрде нүкте қойылды. Алдағы уақытта бетперделер шешіледі. Қазылар алқасы мен көрермен енді шынайы әншіні анықтай алады”, - дейді ол.

Көкеев сахнада 1985 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқанын алға тартты.

“Фонограммасыз, еш сақтандырусыз сахнада жүргеніме 40 жыл болды. “Бүгін өзімді жайсыз сезініп тұрмын” деген сылтауды айтқан емеспін. Себебі сахна - фотосессия емес, емтихан. Көрермен жалған иллюзия үшін ақы төлеуге міндетті емес. Көрермен жанды дауысты естуге құқылы”, - деп қосты ол.

Өнер иесі заңның тыйым салуға емес, кәсіби қабілетті тексеруге бағытталғанын атап өтті.

“Енді бәрінің шынайы бет-бейнесі белгілі болады. Сахна тазалана бастайды”, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін 

Айта кетейік, бұған дейін танымал әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан да жаңа заңға қатысты ойын білдірген еді.

“Бір ән айта қойып едім... Осы заң шығу үшін мен ән айтуым керек болған ғой. Мен де дайындықты бастадым. Мен де жанды дауыста айтқым келеді. Жалпы шағын жерлерде аспапта ойнай отырып жанды дауыста айтып жүрмін", – деді ол. 

Жаңа заңда не айтылған?

4 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Түзетулердің төртінші блогы мәдениет саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған.

"Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады (Бұл ереженің телевизиялық жазбаларға, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған орындарға қатысы жоқ). Сондай-ақ, авторлық құқық нысаны саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті", - деп жазылған мәліметте.

Еске салайық, бұған дейін осы мәселені депутаттар көтерген еді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар