ҚМА Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Қазақстан аумағына таңбалаусыз темекі өнімдерін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу амалдарына сай Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырып, оларды өзіне бағынысты тұлғалар арқылы өткізген.
Контрафакт өнім Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ, Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген.
Тергеу барысында 30-дан аса тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңге болатын 319 мыңнан аса қорап темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздердің сомасы - 115 млн теңге.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған. Қаржы ағынын жасыру мақсатында қылмысқа қатысушылар бейресми "Хавала" есеп айырысу жүйесін пайдаланған.
Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш көлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды.