Қазақстанда еңбек адамдарының еңбегіне ерекше құрмет көрсетілуде

Dalanews 29 қаз. 2024 10:15 2168

Қазақстанда елдің дамуына күн сайын үлес қосып жүрген қарапайым еңбеккерлерге ерекше назар аударылып, олардың еңбегі бағалана бастады. Себебі үстіміздегі жылы Қазақстанда 500-ден астам жұмысшы мен 130-нан астам ұстаз мемлекеттік марапатқа ие болды. Сонымен қатар құрметке ие болған мемлекет азаматтарының арасында 80-нен астам ғалым және 100-ден астам құтқарушы мен ерікті бар.


Мамандардың айтуынша, еңбек адамының маңызы мен еңбекке деген құрметтің артуы – қоғамның дамуының негізі. Сол себептен оларды мемлекет тарапынан марапаттау жүйесі еңбеккерлердің еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін арттырады. Осы арқылы еңбек адамын ынталандыруға, еңбекке деген жауапкершілікті арттыруға болады.


«Мына Республика күнінің өзі Тоқаев келгеннен кейін қайтадан қалыпқа келді ғой. Республика күнінен Қазақстанда үлкен мереке жоқ. Соңғы кезде мемлекеттік марапатпен Қазақстанның барлық азаматтары марапатталып жатыр. Жақында, сол Республика күні Алматы қаласының әкімі президенттің марапатын жұртқа үлестірді, соның ішінде трамвайшылар, сондай-ақ жылу жүйесінде жұмыс істейтін адамдар, қарапайым мұғалімдер.

Үлкен, үлкен марапаттар алып жатыр. «Еңбек ері» атағын биыл екі мұғалім алды. Бұл үлкен нәрсе ғой, сондықтан биыл тағы бір жаңалық - «Медицина саласында еңбек сіңірген қайраткер» деген үлкен атақ беріліп отыр. Мұның бәрі адамға стимул береді, адамның жұмыс істеуіне, жалпы өмірге көзқарасын өзгертеді, өйткені мемлекет біреуді ықыласпен марапаттаса, одан артық қандай бақыт болады?! Сондықтан біздің қазіргі әділетті Қазақстанда жасалып жатқан жақсылықтардың бір парасы – осы біздің мемлекеттік наградалар деп есептеймін»,- дейді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.


Жазушының пікірінше, еңбек адамының жетістіктерін атап өту, оларды марапаттау арқылы мемлекет қоғамға олардың қажырлы еңбегін танытып, ынтымақтастықты нығайтады. Марапат алған адам тек жеке жетістікке ие болып қана қоймай, өз орта¬сында үлгі болып, басқаларды да жұмысқа ынталандырады. Еңбекқор азаматтарды құрметтеу, оларды наградтау – еліміздің әл-ауқатын арттыруға, еңбек мәдениетін дамытуға ықпал етеді.


Естеріңізге сала кетсек,Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.


«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевқа берілді. Академик Астанаға барғанын былай еске алды.


«Осы барғанда айтты Академиядан: «Барып қайт, сені «Құрмет» орденіне ұсындық», - деді ғой. "Е, бопты, бірақ жастармен жағаласып, оған ұят емес пе, 70-ке келдік қой", - дедім. «Жоқ, бар», - деді. "Кішкене басқасы болмай ма?" - десем, сөйтсем менде ешқандай орден жоқ екен. Бұл менің бірінші орденім екен. Заң бойынша, сен алдымен «Құрметтен» бастауың керек екен. «Бисмилласы – «Құрмет» болады екен», - мен оны білмеппін. Содан таңертең келдім, Астана деген Алматыдан пропуск көбейіп кетіпті ғой, кеңейіп жатырмыз. Кептеліс... Сұмдық кептеліс, такси шақырсам келмейді. Студенттер танып, автобусқа отырғызып жіберді. Содан автобусқа отырып келсем,бір сағат жүріпін. Содан ебін тауып жеттім. Шырылдап қоймайды телефон: «Ойбай да ойбай, қайда жүрсің, қазір келуін керек!». Тағы шырылдап қоймайды: «Ойбай да ойбай, аға, сен осында бәленбай орден алыпсың ғой»,- деп. Әй мен, қалжыңдап отырған шығар дедім да, бопты, рахмет деп қоямын ғой»,- дейді Асқар Жұмаділдаев.


Еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін бағалай отырып, оларға құрмет көрсетіп, марапаттау шараларының жүргізіліп жатқанына қуаныш білдіретін азаматтар аз емес. Бұл шаралар еңбеккерлердің қажырлы еңбегін, табандылығын және қоғамға қосқан үлесін жоғары бағалайтынымызды көрсетеді. Мұндай құрмет пен марапаттар еңбек адамының моральдық тұрғыдан көтеріліп, ынталануына ықпал етеді, бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Еліміздің болашағы үшін еңбек еткен азаматтарды қолдап, олардың жетістіктерін атап өтудің маңызы зор.


«Биыл бұқара халықты елеп, марапаттап жатыр. Оны көріп жатырмын, мұғалімдер мен дәрігерлерді, арасында қарап қоямын. «Звездапад», «Медалипад» деп айтып жатыр ғой...))), «марапатталмаған адамдар қалды ма?» деп айтатындар да бар. Біреудің қуанышына қуану керек қой. Алдыма, енді бұл бекер емес шығар деп ойлаймын. Сондықтан осы қазір қарапайым адамдарды, осындай жай жұмыс істейтіндерді, көзге көрінбейтін депутат емес, ешқандай беделі жоқ адамдарды жоғары көтеріп, олардың еңбектерін бағалауымыз керек. Онсыз болмайды! Бұл өте құптайтын нәрсе!»,- дейді «Ситуативный казахский. Диалоги» кітабының авторы Қанат Тасыбеков.


Еңбек адамдарына көрсетіліп жатқан құрметтің қоғамдағы өзгерістердің айқын көрсеткіші екенін айтып жүргендер бар. Азаматтар елдің дамуындағы оң беталыстарды еңбеккерлерді қолдап, олардың қажырлы еңбегін бағалаудан байқап отыр. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік ахуалында да, адамдардың көзқарасында да үлкен орын алуда. Еңбек адамдарының мәртебесінің өсуі – олардың қоғамдағы рөлін мойындаудың және ел дамуына қосқан үлесін бағалаудың белгісі. Көпшілік осы үрдістердің елімізді жаңа деңгейге көтеретініне сенеді.


«Елімізде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Бір қарағанда байқалмайтын сияқты көрінгенмен, тереңірек үңілсек, олардың қоғамға тигізіп жатқан әсері анық сезіледі. Мәселен, жергілікті жерлерде бақылаудың күшейіп жатқанын, адамдарда жауапкершіліктің артып жатқанын және өз ісін білетін мамандардың көбейіп жатқанын байқаймыз. Тоқаев еңбек адамын алға шығаруды тапсырғанға дейін, мен туған Нұра ауданымда шаруашылығын құлатпай ұстап қалған бірнеше азаматты көрдім. Айналасында бәрі құлдыраса да, олар өз шаруашылығын сақтап қалды. Жақында солардың бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.

Бұл – «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп. Ол басқаратын серіктестік Қарағанды облысындағы ең мықты шаруашылықтардың бірі, көптеген шаруашылықтар мен тіпті республиканы қажетті тұқыммен қамтамасыз етіп келеді. Нұра ауданы Қарағанды облысының дәл ортасында орналасқан. Бір кездері бұл өңірде жүздеген гектар егістік, мыңдаған ірі қара мал мен қой болған. Тәуелсіздік жылдарында аудан өз позицияларын жоғалтып алды, бірақ бүгін бірнеше энтузиастардың арқасында қайтадан жандана бастады. Осы энтузиастардың бірі – Қанат Отарбаев. Ол «Нұра» совхозында дүниеге келіп, өскен.

Целиноград ауылшаруашылық институтын бітірген соң, көрші шаруашылықта жұмыс істеді. 1999 жылы туған ауылына оралғанда, маңайдың тозып кеткенін көріп, ауылды өз күштерімен жаңғыртуға кірісті, акционерлік қоғамның техникасын пайдалана отырып, қоқыстан тазартты. Қазақстанда мұндай адамдар көп. Мен осындай адамдар туралы көбірек айту керек деп ойлаймын. Тоқаев мырза қазір еңбек адамдарын марапаттап жатқаны – бұл көп нәрсені білдіреді, және бұл өте жақсы!»,- дейді саясаттанушы Айгүл Омарова.


Гүлмира Сыздыққызы

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар