"Мұнай бағымыз да, сорымыз да". Депутат Абзал Құспан дабыл қақты

"Мұнай бағымыз да, сорымыз да". Депутат Абзал Құспан дабыл қақты
Market Power

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мұнай компанияларын тексеруге қатысты заңдағы қайшылықтар мәселесін көтерді. Ол Экологиялық кодекс пен Кәсіпкерлік кодекс арасындағы сәйкессіздік салдарынан экологиялық заңбұзушылықтар үшін салынған айыппұл күшін жойып жатқанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексте кәсіпкерлік субъектілерін тексеру туралы бір ай бұрын ескерту нормасы енгізілген. Соның салдарынан батыс өңірлерінде мұнай қалдықтарын төгу бойынша жауапкершілікке тарту қиындаған.

"Мұнай бағымыз да, сорымыз да. Бүкіл Қазақстанды асырап отырғаны не керек, батыс өңірінің жұртшылығы осы мұнайдың зардабын тартудай-ақ тартып отыр", - деді ол.

Абзал Құспан мысал ретінде 2024 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына Каспийге мұнай қалдықтарын төкті деген айыппен салынған 32 миллиард теңге айыппұл Жоғарғы сот шешімімен күшін жойғанн айтты. Себебі тексеру туралы алдын ала ескерту берілмеген.

Осы сауалға жауап берген депутат Еділ Жаңбыршин экологиялық бақылау тетіктерін Кәсіпкерлік кодекстен Экологиялық кодекске көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, қазір Үкіметпен бірге бұл нормаларды қайта қарау жұмыстары жүріп жатыр. Мәселе заң жобасының екінші оқылымына дейін шешілуі мүмкін.