Қазақстанда егіс алқаптарының аумағы кеңейеді — министр Сапаров

Қаракөз Амантай 11 ақп. 2025 11:48 780

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін екі есе ұлғайту жөніндегі жол картасы аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Барлық тиісті көрсеткіш әкімдіктерге жеткізілген.

“Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 23,8 миллион гектарға егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға көп”, — деді министр.

Әртараптандыру аясында рентабельдігі жоғары дақылдардың көлемі 750 мың гектарға ұлғаяды.

“Оның ішінде: майлы дақылдар – 365 мың га,азықтық дақылдар – 184 мың га, арпа – 114 мың га, қарақұмық – 41,5 мың га, картоп – 15 мың га болады”, — деп қосты ол.

Сонымен қатар бидайға тәуелділікті азайту мақсатында егістік құрылымын өзгерту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда бидай алқабы 730 мың гектарға, ал биыл 159 мың гектарға қысқарған.

Министр майлы және бұршақ дақылдарына ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұраныс бар екенін атап өтті.

“Мәселен, бидайдың орташа бағасы тоннасына 65-70 мың теңге болса, зығыр және рапс сияқты экспортқа бағытталған дақылдардың бағасы 200 мыңға дейін барады және одан да жоғары”, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда егіс жұмыстарына несие беруде фермерлерге қойылатын талаптар қайта қарастырылатынын хабарлаған еді. Бұл туралы "Бәйтерек" холдингі басшылығымен, сондай-ақ холдинг құрамына кіретін қаржы институттарының өкілдерімен кездесуі кезінде мәлім болды.

"Кездесу барысында егіс жұмыстарына несие алу кезінде фермерлерге қойылатын жекелеген талаптарды алып тастау мәселесі қаралды. Министрдің тапсырмалары "Бәйтерек" холдингінің жұмысына алынды және жақын арада қайта қаралатын болады", - дейді құзырлы ведомство.

Кездесуде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауға қатысты мәселелерге назар аударылды. Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде осы мақсаттарға 700 млрд теңгеге дейін бағыттау жоспарлануда, оның 560 млрд теңгесі нарықтық капитал көздерінен тартылатын болады.

2024 жылдың 29 қарашасынан бастап "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша жылдық 5% жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыру ашылды. 1364 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден шамамен 205,1 млрд теңге сомаға өтінімдердің жалпы пулы қалыптастырылды, оның ішінде 1253 АШТӨ-ден 195,5 млрд теңге сомаға өтінімдер жұмысқа қабылданды. 125,6 млрд теңге сомасына 907 АШТӨ қаржыландырылды.

Сонымен қатар, кездесу барысында ынтымақтастықты кеңейту, жеңілдетілген кредит беру бағыттары, аграрлық секторға инвестициялар тарту, агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша "АКК" АҚ қаражатына іске асырылатын жобалар, қаржыландырудың жаңа тетіктері және 2025 жылға арналған жоспарлар қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қол жеткізу, аграрлық секторды қолдау бойынша жаңа бағыттарды енгізу және саланы қаржыландыру қарқынын күшейту қажеттілігі үшін ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар