Қазақстанда бөліп төлеу қарызы кредиттік тарихқа енгізілуі мүмкін

Қазақстанда бөліп төлеу қарызы кредиттік тарихқа енгізілуі мүмкін
Фото: egemen.kz

Қазақстанда банктер мен кредиттік бюроларға көрінбейтін бөліп төлеу қарыздарын есепке алу ұсынылды. Ұлттық банк BNPL сервистері арқылы рәсімделетін міндеттемелер азаматтардың нақты қарыз жүктемесін арттырғанымен, жаңа несие беру кезінде қаржы ұйымдары оны көрмеуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәселе банктер мен микроқаржы ұйымдары емес, BNPL сервистері, сауда орындары және басқа да қаржылық емес компаниялар арқылы ұсынылатын бөліп төлеу қызметтеріне қатысты. Мұндай келісімдер азаматтық заңнама аясында рәсімделетіндіктен, олар туралы ақпарат кредиттік тарихта көрсетілмеуі мүмкін.

Соның салдарынан адамның нақты қарызы банкке көрінетін сомадан көп болуы ықтимал. Ұлттық банк мұны «жасырын берешек» тәуекелі деп бағалап отыр. Өйткені бір адам бір мезгілде бірнеше бөліп төлеу қызметін пайдаланып, төлем міндеттемелерін табысынан асырып алуы мүмкін.

Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BNPL қызметтері туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға беруді қарастырып жатыр. Сонымен қатар клиенттің төлем қабілетін тексеру, мәміленің толық құны мен талаптарын ашық көрсету, айыппұлдар мен өсімпұлдарға шектеу қою ұсынылған. Реттеушілер бөліп төлеуді қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескеруді де көздеп отыр. Бұл жағдайда бірнеше бөліп төлеу міндеттемесінің болуы жаңа несие алу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал.

Бөліп төлеу нарығы қазір дүкендерден тауар сатып алумен ғана шектелмейді. Құжатта автокөлік пен жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу, кейін сатып алу құқығымен жалға алу және экономикалық сипаты жағынан несиеге ұқсайтын өзге де тетіктер қарастырылған.

Бұл ретте заңнамада тағы бір мәселе бар. Қазір мұндай бөліп төлеу мен BNPL қызметтері бойынша қалыптасқан берешек жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы кезінде есептен шығарылатын қарыздар қатарына кірмейді. Алайда іс жүзінде ол азаматтың жалпы міндеттемелерінің едәуір бөлігін құрауы мүмкін.

Әзірге бұл талаптар күшіне енген жоқ. Ұлттық банк ұсыныстарды 2026 жылғы 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарды. Реттеушінің түсіндіруінше, бастаманың мақсаты – бөліп төлеу қызметтерін шектеу емес, нарықтың нақты көлемін анықтап, тұтынушыларды қорғаудың ең төменгі талаптарын белгілеу.

Егер ұсыныстар қабылданса, бөліп төлеу қарызы қаржы жүйесіне көрініп, азаматтың жаңа несие алу мүмкіндігін бағалау кезінде есепке алынуы мүмкін.