Құрылтай депутаты треш-стримдерге қатаң жаза енгізуді ұсынды

Құрылтай депутаты треш-стримдерге қатаң жаза енгізуді ұсынды
pixabay.com

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы қауіпті пранктер мен треш-стримдер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол Үкіметке «треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыда нақты анықтап, тікелей эфирде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен қасақана арандатушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттау және олардың авторларын анықтау тетігін қалыптастыру қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, рұқсатсыз тікелей эфирге шығарылған немесе адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтірген жағдайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғау механизмдерін де күшейту қажет.

«Миллиондаған адам күн сайын TikTok, Instagram және басқа платформаларды пайдаланады. Тікелей эфирлердің аудиториясы өсіп келеді. Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Бірақ оның кері жағы да бар. Тікелей эфирлерде әдепсіз сөздер, адамдарды қорлау мен кемсіту жиі айтылады, қауіпті пранктер жасалады. Кейбір стримерлер мұны әдейі істейді. Себебі дөрекі әрі арандатушылық контент көп қаралым жинайды. Ал қаралымдар лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа айналады. Осылайша кей жағдайда құқыққа қайшы әрекеттер ақша табу құралына айналады», – деді депутат.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілер қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Депутат мұндай құқыққа қайшы контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушыларының әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын да атап өтті.

«Бұл – мәселенің бар екенін көрсететін нақты факт», – деді ол.

Амантайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтқанын еске салды.

«Бұл қағидат жаңа Конституцияның негізгі талаптарының біріне айналды. Сондықтан заң мен тәртіп талаптары цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты сақталуы тиіс. “Amanat” партиясы бұған ерекше мән береді. Әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді. Кейбір стримерлер көрермен тарту үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамдарды мазақтап, қорлайды. Тікелей эфирлерде тіпті айтуға ұят әрекеттерді де жиі жасайды», – деді Құрылтай мүшесі.

Депутат мұндай эфирлерді ересектермен қатар кәмелетке толмағандардың да көре алатынына назар аударды.

Ол Қазақстан азаматының Қытайда пранк жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, азамат қоғам назарын аудару мақсатында пранк жасап, Қазақстанның беделіне нұқсан келтірген.

«Басқа елдерде мұндай әрекет аса мәдениетсіздік әрі заң бұзушылық ретінде бағаланып, қатаң қоғамдық сынға ұшырайды. АҚШ-та Федералдық сауда комиссиясы (FTC) цифрлық жарнаманың ашықтығы мен жарнамалық контентті тиісті түрде белгілеу талаптарын белгілейді. Еуропалық одақтың Digital Services Act (DSA) заңы платформалардың заңсыз контент үшін жауапкершілігін және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтті», – деді депутат.

Оның пікірінше, қазіргі цифрлық ортада құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде қатар тоғысып отыр.

Депутат осыған байланысты Үкіметке қауіпті пранктер мен треш-стримингке қатысты заңнаманы нақтылауды, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттау тетігін енгізуді және мұндай контент авторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.