Шымкент қаласында көршілер арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды. Оқиға 9 қыркүйек күні кешкі уақытта Хамза көшесінде болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 65 және 39 жастағы екі ер адамның арасында жанжал шыққан. Қақтығыстың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз.
Оқиға көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан 39 жастағы ер адамның 65 жастағы көршісіне бірнеше рет соққы жасағаны көрінеді. Жәбірленуші жерге құлағаннан кейін де күдікті оны ұруын жалғастырған.
Бұдан соң ер адам марқұмның үйінен бірнеше зат алып, кетіп қалғаны айтылады.
Ауыр соққы алған 65 жастағы тұрғын есін жимаған. Жақындары жедел жәрдем шақырғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын растады.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы барған. Күдікті оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Қазіргі уақытта оны іздестіру шаралары жүргізіліп, қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Марқұмның артында бес баласы қалды.