16 жасқа дейін әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салу ұсынылды

16 жасқа дейін әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салу ұсынылды
ЖИ: Dalanews.kz

Жасөспірімдердің онлайн-платформаларды бақылаусыз пайдалануы олардың психологиялық жағдайына, ұйқы сапасына және зейініне кері әсерін тигізеді. «Әділет» фракциясының депутаты Жанарбек Әшімжан Құрылтайда Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерде тіркелуін заңнамалық деңгейде шектеуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған мектеп оқушылары арасындағы интернеттегі буллингтің екі есе өсуі және гаджетке тәуелділікке қатысты алаңдатарлық статистика себеп болды. Жас шектеуінен бөлек, депутаттар балалардың дербес деректерін қорғау жүйесін құруды және мектептерде медиасауаттылық бойынша міндетті курстар енгізуді ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады. Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Алайда заң қабылдаумен мәселе шешілмейді. Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті, - дейді депутат. 

Осыған байланысты Жанарбек Әшімжан үкіметтен 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды, балалардың және жеке цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, мектептердің цифрлық гигиена, медиа сауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі оқытуды сұрады.