Қазақстан банктерінің активтері 74,2 трлн теңгеге жетті

Қазақстан банктерінің активтері 74,2 трлн теңгеге жетті
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 74,2 трлн теңгеге жетті. Ал банк секторының капитал жеткіліктілігі көрсеткіші ең төменгі талап етілетін 8%-дың орнына 20,5%-ды құрап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы алты жылда банктердің капиталы шамамен 7 трлн теңгеге артқан. Бұдан бөлек, банктер қадағалау талаптары аясында қосымша 1,4 трлн теңге көлемінде капитал резервін тұрақты түрде ұстап келеді.

Сондай-ақ мерзімі 90 күннен асқан проблемалық несиелердің үлесі айтарлықтай азайған. Егер 2019 жылы бұл көрсеткіш 8,1% болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,6%-ға дейін төмендеген.

«Банк секторындағы проблемалық активтердің көлемі екі еседен астам қысқарып, 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін азайды», – деді Мадина Әбілқасымова.

Жаңа проблемалық қарыздардың пайда болуына жол бермеу үшін ең тәуекелі жоғары қарыз алушыларды несиелеуге шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, қазіргі уақытта төлем мерзімін өткізіп жүрген азаматтарға жаңа несие беруге тыйым салынған.

Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде қарызы толық кешірілген немесе соңғы 12 айда қайта құрылымдау рәсімінен өтіп, бірақ төлем тәртібін қалпына келтірмеген азаматтарға да жаңа қарыз рәсімдеуге болмайды. 2027 жылдан бастап қарыз алушының жиынтық борышының табысқа қатынасын есептейтін арнайы коэффициент енгізіледі.

Агенттік басшысының сөзінше, қабылданған шектеулер жаңа берілетін несиелердің сапасын жақсартқан. Ірі банктерде бір жыл ішінде дефолтқа ұшырайтын несиелердің үлесі 5%-дан 2,5%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ кепілсіз тұтынушылық несиелеудің өсу қарқыны да баяулаған. Егер 2024 жылы бұл сегмент 30%-ға өссе, 2025 жылы өсім 14,6%-ды құраған. Ал биылғы жылдың алғашқы жеті айында көрсеткіш 3,5%-ға дейін төмендеген.