NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, бүгін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында "NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұрғаны" туралы ақпарат тараған.
"Қазір NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушының әрекетіне шағымдануына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңның 42-бабының 13) тармақшасына сәйкес сот атқарушылық іс жүргізуді талап еткен жағдайда атқарушылық іс жүргізу оны сот қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғаспақ.