Қазақстанда бірнеше несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған FinKelisim бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Сервис қарыз алушыға әр банк пен микроқаржы ұйымына жеке өтініш бермей-ақ, барлық кредитормен бір уақытта келісуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Data Hub мәліметінше, FinKelisim биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Жоба Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, банк және микроқаржы омбудсмандарының қатысуымен жүзеге асырылған. Ал Бірінші кредиттік бюро қарыз алушы мен кредиторлар арасындағы өзара іс-қимылдың цифрлық жүйесін қамтамасыз ететін технологиялық серіктес ретінде атсалысып отыр.
Платформа арқылы азамат бірнеше ұйымға бөлек жүгінудің орнына бір ғана өтініш береді. Қарыз алушының жалпы қаржылық жағдайы мен борыштық жүктемесі ескеріліп, барлық берешекті өтеуге арналған ортақ кесте жасалады. Азамат та әр кредиторға жеке-жеке ақша аудармайды: бір төлем енгізеді, ал қаражат тиісті ұйымдар арасында бөлінеді.
Қазіргі уақытта платформаға 44 мыңнан астам қазақстандық тіркелген.
FinKelisim мүмкіндігін пайдалану үшін қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық кредиттерінің кемінде екеуі 90 күннен астам уақыт бойы өтелмеген болуы керек. Жалпы қарыз көлемі 650 мыңнан 7 млн теңгеге дейінгі аралықта болуы қажет. Сонымен қатар аталған қарыздар бойынша сот шешімі шықпауы және мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі басталмауы тиіс.
Берешекті өтеудің бірыңғай кестесі бес жылға дейін жасалуы мүмкін. Ал халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтар үшін бұл мерзім жеті жылға дейін ұзартылуы ықтимал.
Өтініш беру, кредиторлармен келісу және құжаттарға қол қою үдерісінің барлығы онлайн жүргізіледі.
Айта кетейік, FinKelisim қарызды кешірмейді, жаңа несие бермейді және қайта қаржыландыру қызметін атқармайды.