Бұған дейінгі жазған мақаламызда Қазақ халқы үшін «Ақорда» сөзінің маңызы зор екенін жазғанбыз. Сонау көне дәуірлерде Қазақ хандығының ірге тасын қалған хандарымыз қазіргі тілмен айтсақ, өздерінің резиденциясын «Ақорда» деп атағанын тарихтан білеміз. Осы үрдісті ары қарай жалғаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Астана төрінде салған резиденциясын «Ақорда» деп ат беріп, айдар тақты. Қазақ мемлекеттілігінің тамаша тарихи сабақтастығы бар екенін барша әлемге паш етті.
Әр қазақ «Ақорда» атауына қасиет қонған, киелі сөз деп біледі. Сондықтан кейбір кәсіпкерлер мейрамханалары мен базарларын «Ақорда» деп атап осы бір аяулы атаудың мәнін қашырғанын өздері де аңғармай қалған сияқты.
Айналамызда осындай жайсыз жайттар орын алғаннан кейін тыныш жата алмадық. Қолымызға қалам алып, мақала жазып, билік басында отырғандардың намысын қашылауға тура келді.
[caption id="attachment_33321" align="aligncenter" width="1032"] Алматыдағы аты "Бақорда" деп ауыстырылған базардың сыртқы көрінісі[/caption]
Өз мақаламызда іргеміздегі орыстар Ресей мемлекетінің айнымас нышанына айналған «Кремль» атауымен базардың атын атамайтынын жаздық. Сол сияқты демократияның алтын діңгегіне айналған Америкаға барған адам «Капитолийін» деген қонақүй немесе мейрамхананы ешкімнің көзі шалмайтынын да айтқанбыз.
Ал біз болсақ, қасиетті «Ақорда» сөзінің мәнін түсінбей базар мен мейрамханаға қоюды әдетке айналдырдық. Әйтеуір осы бір базынамыз жоғарыда отырған шенділердің құлағына жетіп, Алматыдағы жаңадан ашылған «Ақорда» базарының аутауы «Бақорда» болып өзгертіліпті.
Айтпақшы, біздің базар ашқан кәсіпкерлеріміз нағыз прагматик жандар болып шықты. Базардың атауын өзгертуде бас қатырып, көп шығынданбапты. «Ақорда» сөзінің басына «Б» әріпін жалғап «Бақорда» деп атай салыпты. Бұған да шүкір. Айтқан сөзіміз жүйесін тауыпты. Сөзіміз құмға құйған судай ізім-ғайым жоғалмағанына қуандық.
Алдағы уақытта жергілікті билік орындары «Ақорда» деп базар, мейрамхана, қонақүй ашқан азаматтарға кәсіпкерлік нысандарының атауын өзгерту турасында қатаң талап қоюы керек. Осылайша біздер Тәуелсіздікті бағамдап, қадір-қасиетін түсінеміз керек. Егер тәуелсіздікке қолымыз жетпегенде өзіміздің «Ақордамыз» болар ма еді? Әрине, болмайтыны анық.
«Ақорда» деген мейрамханада дүркіретіп той жасап, ішімдік ішіп, төбелесіп жатсақ сырттағы жұрт бізге саусағын шошайтып күлмей ме? Сондықтан бұл ат үсті қарайтын дүние емес. Мемлекеттік маңызы зор мәселе. Бұған тиісінше мән беріп, кезінде кеткен қателіктерді тездетіп түзетуіміз керек.
Құрметті оқырман, өздеріңіз тұратын ауыл, аудандарда «Ақорда» деген атауды маңдайшасына бадырайтып жазып қойған базар, мейрамхана, қонақүй, қандайда бір кәсіпкерлік нысан болса, біздің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Dalanews.kz» парақшасына жазыңыз. Бұл іспен бірлесіп күресейік.
Кең байтақ қазақ жерінде бір ғана «Ақорда» болуы тиіс. Астана төріндегі «Ақордамыз» барша Қазақстанға нұрын шашып, өзінің әмір-ықпалын жүргізіп тұруы шарт. Бұл мемлекеттелігіміз басты нышаны екенін ұмытпайық. Ал үй ішінен үй тігіп, қателескендерді көпшілік болып жөнге салайық.
Нұрлан ЖҰМАХАН
https://dalanews.kz/29729