Қазақстанда банктерге исламдық қаржы қызметін көрсетуге рұқсат берілмек

Қаракөз Амантай 05 қар. 2025 12:55

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға сауал жолдады. Ол исламдық банкингке қатысты жаңа заң жобасының тиімділігі мен оның еліміздің қаржы жүйесіне ықпалы жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, ислам қаржыландыру тетіктерін енгізу халықтың сенімін арттырумен қатар, банк секторында әділ және ашық қағидаттарды нығайтуға мүмкіндік беруі тиіс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, елімізде исламдық банкингті дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұған дейін мұндай қызмет көрсету үшін жеке ислам банкін құру қажет болса, енді жұмыс істеп тұрған әмбебап банктер өз құрылымында арнайы "исламдық бөлімше" аша алады.

"Қаржыландырудың балама тетіктерін кеңейту мақсатында әмбебап банктерге қолданыстағы лицензия негізінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру ұсынылады. Бұл банктерге жеке институт ашпай-ақ, өз бөлімшелері арқылы ислам қаржы өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді", - деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында.

Мұндай бөлімшелерде бухгалтерлік есеп пен қаржылық бақылау жеке жүргізіледі, қызметкерлер арнайы дайындықтан өтеді. Сонымен қатар, барлық операциялар мен өнімдер шариғат кеңесінің мақұлдауынан өтіп, тәуелсіз аудит тексерісінен өтеді. Бұл исламдық банкинг қағидаларының толық сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ Қожаназаров әмбебап банктерге исламдық банк операцияларын жүргізу құқығын беру кезінде шариғат талаптарының толық сақталуына және қадағалау механизмдерінің нақты болуына назар аударды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар