Қазақстанда азық-түлік өндірісі 14,7%-ға өсті

Қазақстанда азық-түлік өндірісі 14,7%-ға өсті
pixabay.com

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда азық-түлік өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, қазіргі уақытта ел негізгі азық-түлік түрлері бойынша ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп отыр. Негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан асады.

Сонымен қатар құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма өндірісін ұлғайту арқылы импортқа тәуелділікті төмендету жұмыстары жалғасып жатыр.

Министрлік мәліметінше, сүт өндірісін дамыту үшін жалпы жылдық қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын 95 тауарлы-сүт фермасы қаржыландырылған. Оның 71-і пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 19 ферманы іске қосу жоспарланып отыр.

Соңғы бес жылда құс еті өндірісі 58%-ға өсіп, импорт көлемі 25%-ға азайған. Ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін жеткен. Бұл бағытта Алматы облысындағы Aitas және Жамбыл облысындағы Алель Агро компанияларының жаңа жобалары жүзеге асырылмақ.

2025 жылдың қорытындысында азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға өскен. Ал агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына салынған инвестициялар 1,6 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға артқан. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 926 млрд теңгеге жетіп, 55%-ға өсті.

Министрлік мәліметінше, көкөніс сақтау инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы сыйымдылығы 745,6 мың тоннаны құрайтын 95 көкөніс қоймасы пайдалануға берілген.

Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша биыл 173 ауыл шаруашылығы өндірушісіне шамамен 32 млрд теңге бөлініп, 480 мың тонна өнімге келісімшарт жасалған.

Көктемгі егіс, егін жинау жұмыстары және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі үшін биыл 1,1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бұдан бөлек, саланы субсидиялауға 588,3 млрд теңге бөлінген.

Министрлік дерегіне сәйкес, 2025 жылы агроөнеркәсіп кешенінде 841 млрд теңгеге 255 инвестициялық жоба іске қосылған. Биыл жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 161 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 37%-ға артып, 7 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның жартысынан астамын қайта өңделген өнім құраған.

Министрліктің мәліметінше, 2024–2025 маркетингтік жылында Қазақстан астық пен ұнды астық баламасында рекордтық 15,3 млн тонна көлемінде экспорттады. Ал 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 шілдеге дейін экспорт көлемі 13,9 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға артқан.

Ведомствоның дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде екінші, жасымық бойынша төртінші, күнбағыс майы бойынша алтыншы, бидай бойынша жетінші және арпа экспорты бойынша сегізінші орынға шыққан.