Қазақстанда ағымдағы шоттардағы қаражатқа сыйақы есептеуге рұқсат берілді

Көркем Алдабергенова 19 қаң. 2026 17:28

2026 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы жаңа заңға қол қойды. Құжат аясында ағымдағы шоттардағы қалдыққа пайыз есептеуге тыйым салу нормасы алынып тасталды. Бұған дейін бұл мәселені сарапшылар бірнеше рет көтерген болатын.

Алайда сарапшылардың айтуынша, тыйым формалды түрде жойылғанымен, іс жүзінде оның әсері сезілмеуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы Ғалым Құсайыновтың сөзінше, бұрын бизнес пен қарапайым азаматтардың ағымдағы шоттарындағы қаражат банктер үшін тегін ресурс саналды. Ұлттық банк базалық мөлшерлеме арқылы банктерге 17 пайызға жуық табыс төлеу жағдайында, қаржы ұйымдары жылына шамамен 6 триллион теңгені тегін пайдаланып келген. Сарапшылар мұндай теңгерімсіздік банктер пайдасына жыл сайын 1 триллион теңгеге жуық артық табыс әкелгенін айтады.

Жаңа заң тыйымды алып тастағанымен, реттеуші орган ағымдағы шоттарға есептелетін пайыз мөлшерлемесін өзі шектеуге құқылы. Бірқатар дереккөзге сүйенсек, бұл көрсеткіш 1 пайыз деңгейінде бекітілуі мүмкін. Сарапшылар мұндай жағдайда реформа тек «көрініс үшін жасалған» өзгеріске айналатынын атап өтеді.

Реттеушінің негізгі уәжі - депозиттік базаға қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылық. Яғни, ағымдағы шотқа пайыз төленсе, халық депозит ашпайды деген қауіп бар. Алайда сарапшылар бұл уәжді Қазақстан нарығындағы шынайы жағдайға сәйкес келмейді деп санайды.

Қазіргі таңда елімізде депозиттердің басым бөлігі - мерзімсіз. Оларды кез келген уақытта пайызын жоғалтпай шешіп алуға болады. Бұл тұрғыда депозит пен ағымдағы шоттың айырмашылығы іс жүзінде жойылған. Екі жағдайда да банк үшін өтімділік тәуекелі бірдей.

Сарапшылардың пікірінше, ағымдағы шоттардағы пайызды 1 пайызбен шектеу банктердің тәуекелін азайтпайды, тек клиент ақшасын тегін пайдалануға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе де мұндай шектеулерден бас тартқанын көрсетеді. Мәселен, АҚШ-та 1933 жылдан бері қолданылған ағымдағы шоттарға пайыз төлеуге тыйым салатын норма 2011 жылы толықтай жойылды. Америкалық реттеуші бұл тыйымның қаржы нарығына зиян келтіргенін мойындаған.

Қазақстанда, керісінше, сарапшылардың айтуынша, нарықтық тетіктердің орнына әкімшілік шектеулер сақталып отыр. Нәтижесінде банктер базалық мөлшерлеме 18 пайыз болған жағдайда, шамамен 6 триллион теңге көлеміндегі қаражатты 0–1 пайызбен тартып, жоғары табыс табуды жалғастырып келеді.

Осының салдарынан банк секторы рекордтық көрсеткіштерге жетті. 2025 жылдың 11 айында банктердің таза пайдасы 2,5 триллион теңгеден асты, ал капиталдың табыстылығы 30 пайызға дейін жеткен. Сарапшылар мұндай деңгейдегі кірістілік әлемдегі ірі қаржы институттарының ешқайсында жоқ екенін айтады.

Сонымен қатар, бұл жағдай нарықтағы монополияны күшейтіп отыр. Ағымдағы шоттардағы негізгі қаражат алдыңғы бес ірі банктің қолында шоғырланған. Ал орта және шағын банктер қымбат депозит тартуға мәжбүр болып, бәсекеге төтеп бере алмай отыр.

Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған 1 пайыздық шектеу қаржы жүйесіне нақты пайда әкелмейді, керісінше ірі банктердің артықшылығын арттырып, нарықтағы теңсіздікті тереңдете түседі.

Нәтижесінде, ірі банктер бюджет ұйымдары, шағын бизнес пен қарапайым азаматтардың есебінен пайдасын арттырып жатқанда, елдегі нақты халық табысы өткен жылы 2 пайызға төмендеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove