Қазақстанда 2026 жылдың қысы мен жазы қандай болады?

Көркем Алдабергенова 19 жел. 2025 09:11

NOAA деректеріне сәйкес, желтоқсанда Ла-Нинья құбылысы әлі де жалғасып жатыр. Pavlov analytics телеграм арнасы оның климатқа, ауыл шаруашылығына және су ресурстарына ықтимал әсері жөніндегі қысқаша болжам жасаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025/26 жылғы қыс

Елдің солтүстік-шығысы мен шығыс аймақтарында арктикалық суықтың жиі болады. Күшейген Сібір антициклоны ұзаққа созылатын аяз алып келуі әбден мүмкін.

Оңтүстік, батыс және орталық өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп болжанса, Алтайда, керісінше, қардың мол түсуі ықтимал.

Қауіптер: энергетикалық жүйеге түсетін жүктеменің артуы, инфрақұрылымның мұз басуы, мал шаруашылығы үшін қолайсыз жағдайлар.

2026 жылғы көктем

Ла-Нинья әлсіреген күннің өзінде оның әсері наурыз–сәуір айларына дейін сақталуы мүмкін.
Бұл әсіресе Қазақстанның оңтүстігі мен батысында жылы әрі құрғақ көктем болу ықтималдығын арттырады.

Шығыс өңірлер мен Солтүстік Қазақстанда қар жамылғысының тез еруі судың ерте кетуіне және егіс науқаны басталғанға дейін-ақ ылғал тапшылығына алып келуі ықтимал.

Шаңды дауылдар болуы, жайылымдардың жағдайы нашарлауы мүмкін.

2026 жылғы жаз

Тарихи деректерге сүйенсек, Ла-Ниньядан кейін Орталық Азияда, ENSO бейтарап кезеңге өтсе де, жаз әдетте ыстық әрі құрғақ болады.

Соған байланысты орман және дала өрттерінің қаупі күшейеді (Қостанай, Павлодар, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары).

Маусым–тамыз айларында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болуы мүмкін, бұл егіншілік басым өңірлерде жаздық бидайдың өнімділігі төмендеу қаупін арттырады. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында су тапшылығының күшею ықтималдығы жоғары.

Сарапшылар бұл нақты болжам емес екенін,тек ресми ақпаратқа ғана сену керегін атап өтті. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар