Ұлттық банк 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша төлем қызметтері нарығының дамуына шолу жасады. Мамандар бұл арада көзге түсетін бірнеше негізгі құбылысты атап өтті. Бірінші кезекте, Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы жүргізілген операциялардың тұрақты өсімінің сақталуына баса назар аудара кетелік. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ұлттық төлем жүйелеріндегі транзакциялар саны 34,3 -ға, ал көлемі 9,2%-ға өсті, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орта есеппен бір операциялық күнде ҚР ҰБ төлем жүйелері арқылы 6,3 трлн теңге сомаға операциялар жүргізілді. Төлем карточкалары мен электрондық банктік қызметтер нарығында интернет пен мобильді банкингті пайдалану, әсіресе QR-код арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу бойынша халық тарапынан сұраныстың тұрақты өсімі байқалады. 10 транзакцияның 8-і аталған банктердің онлайн-сервистерін пайдалана отырып жүргізілген.
Халықаралық ақша аударымдарының жүйелері халықтың шетелге ақша жіберуі және шетелден ақша алуы үшін сұранысқа ие бірден бір әдіс болып табылады. Соңғы үш жылда шетелге жіберілген және шетелден алынған аударымның орташа сомасы тиісінше 12%-ға және 25%-ға ұлғайғаны байқалады.
Тұтастай алғанда, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық Банктің төлем жүйелері (БААЖ және БКЖ) арқылы 746,0 трлн теңгеге 54,6 млн төлем жүргізілді, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда саны мен көлемі жағынан тиісінше 34,3%-ға (14,0 млн теңгеге) және 9,2%-ға (62,8 трлн теңгеге) көп. Орташа алғанда бір операциялық күнде төлем жүйелері арқылы 6,3 трлн теңгеге 462,8 мың транзакция жүргізілді, ал 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта – 5,6 трлн теңгеге 336,1 мың төлем жүргізілді.
2025 жылғы І жартыжылдықтың нәтижесі бойынша шет елге ХААЖ арқылы жіберілген ақша аударымдары 321,2 млрд теңгеде 805,0 мың транзакция болды. Аударым көлемі 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 16,3%-ға төмендеп, 2020 жылғы бірінші жартыжылдықтағы деңгейге жақындады.
2025 жылдың І жартыжылдығында негізгі ақша аударымдары мына елдерден түсті: Ресей Федерациясы – 24,0%, АҚШ – 14,9%, Өзбекстан – 10,3%, Түркия – 9,5% және Германия – 7,7% жалпы алынған аударымдардың көлемінен. Шет елден алынған аударымдар көлемінің азаюы негізінен Ресейден (26%-ға немесе 8,82 млрд теңгеге) және Корея Республикасынан (40%-ға немесе 5,46 млрд теңгеге) келіп түсетін аударымдардың төмендеуіне байланысты болды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында төлем ұйымдарының сервисі арқылы айналым 4,6 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға артық (3,8 трлн теңге). Бұл ретте айналымның 72%- дан астамы 20 ұйымға тиесілі.
Ұлттық Банк 2020 жылы "ҚР Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" АҚ негізінде Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығын (СДАО) іске қосты. СДАО негізгі мақсаты – қаржы нарығына қатысушылар мен өзге де ұйымдар қашықтан қызмет көрсеткен кезде клиенттерді тиісінше тексеру шараларын жүргізуге жәрдемдесу және азаматтардың деректерін қауіпсіз ұстау. СДАО клиенттің биометриялық деректерін Мемлекеттік деректер базасындағы ақпаратпен салыстыру негізінде жұмыс істейді және қаржы ұйымдарына (банктер, сақтандыру компаниялары, микроқаржы ұйымдары, төлем ұйымдары) қашықтан кең ауқымды қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді, ол: банк шоттары мен салымдарын ашу, төлем карталарын шығару, кредиттеу және клиенттік досье жүргізу және т.б. Клиент келісім берген жағдайда ғана олардың деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік болады. Бұл дербес деректер туралы заңнаманың талаптарына сәйкес келеді. Іске қосылған сәттен бастап СДАО қызметін пайдалану динамикасы оның сұранысқа ие екенін және тұрақты өсім көрсетіп отырғанын дәйектейді: 2020 жылы 3,9 миллионнан астам операция жүргізілсе, 2024 жылы олардың саны 31,4 миллионға жетті. 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта СДАО сервисі арқылы 23,5 млн биометриялық сәйкестендіру операциясы жүргізілді. Ол 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,6 есе көп (14,4 млн операция). Бұл өсім қаржы нарығын цифрландыруда және қаржы ұйымдары қашықтан қызмет көрсеткен кезде клиенттердің жеке басын сенімді сәйкестендіруді қамтамасыз етуде СДАО рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Антифрод-орталық шеңберінде 65 мыңнан астам инцидент тіркелді, нәтижесінде 2,3 миллиард теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар дер кезінде бұғатталды, оның ішінде 1,7 миллиард теңгеден астамы жөнелтуші банктің жағында алдын ала бұғатталды, 642 миллион теңге – алушы банк. 255 миллион теңге зардап шеккендерге өз еркімен қайтарылды.
Бұған дейін Ұлттық инвестициялық корпорациясы базасында мемлекеттік криптоқор құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны хабарланған. Дайындық жұмыстары 2025 жылдың соңына қарай аяқталып, цифрлық активтердің мемқоры 2026 жылдың басында іске қосылып қалады деп болжанады.