Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өз қызметін қоғамдық негізде атқарып, мемлекеттік бюджеттен жалақы алмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 14-бабының 1-тармағына сәйкес, Кеңес мүшелерінің қызметі тек қоғамдық негізде жүзеге асырылады. Олар депутаттар немесе мемлекеттік қызметшілер болып саналмайды және өз міндеттерін өтеусіз атқарады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері арасынан ұсынылады. Олардың негізгі міндеті – консультациялар мен сараптамалық бағалау арқылы қоғам үшін маңызды бастамаларды іске асыруға ықпал ету.
Осыған байланысты Кеңестің қатардағы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен жалақы төленбейді.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы мен оның Хатшылығын басқаратын бір орынбасарының мәртебесі бөлек.
Конституциялық заңға сәйкес, төраға Кеңестің қызметіне жалпы басшылық жасайды, нормативтік құжаттарды бекітеді және басқа да стратегиялық өкілеттіктерді жүзеге асырады. Осыған байланысты төраға мен Хатшылық басшысы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар саналады және тұрақты негізде жұмыс істейді.
Олардың қызметі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысы да бюджет қаражаты есебінен төленеді. Хатшылық Кеңестің ұйымдастырушылық, сараптамалық-талдамалық және ақпараттық жұмысын қамтамасыз етеді.
Бұған дейін бұл мәселе бойынша түсініксіздік туындаған еді. 15 мамырда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыр Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшесі қоғамдық негізде жұмыс істейтінін және оларға жалақы төленбейтінін мәлімдеген. Ол кезде депутат Кеңес Хатшылығы жеке мемлекеттік орган ретінде құрылып, оның қызметкерлері бюджет есебінен қаржыландырылатынын айтқан.
Алайда 17 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылғаны белгілі болғаннан кейін мүшелердің жалақысы туралы мәселе қайта көтерілді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы бұл қаражаттың тек жалақыға арналмағанын, оның құрамына өңірлерге сапарлар, халықпен кездесулер, форумдар, сессиялар, қоғамдық тыңдаулар және ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу шығындары кіретінін түсіндірді.
Сол кезде журналистер нақты жалақы мөлшерін сұраған. Вице-министр еңбекақы бірыңғай жүйе бойынша төленетінін айтып, нақты сомаларды жариялай алмайтынын жеткізді. Бұл жауап Кеңес мүшелерінің жалақысы туралы қосымша сұрақтар туғызды.
Осыған байланысты Қазақстан Халық Кеңесі таратқан жаңа түсіндірмеде қатардағы мүшелер мен Кеңес басшылығының мәртебесін ажырату қажет екені нақты көрсетілді: Кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, ал тұрақты негізде қызмет атқаратын төраға, Хатшылық басшысы және Хатшылық қызметкерлерінің еңбегі бюджеттен қаржыландырылады.