Қазақстан халқының ауылдардан жаппай көшуі 25 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2025 11:14 340

2024 жылы ауыл халқының көші-қон көрсеткіші (келгендер мен кеткендердің айырмасы) 111,4 мың адамды құрады. Бұл алғаш рет 2000 жылдан бері рекордтық деңгейге жетіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ауылдық аймақтардағы теріс көші-қон үрдісі жыл сайын байқалады. Алайда осы жылы жағдай ерекше, өйткені өткен жылдары бұл көрсеткіш ондаған мың адамды құраса, қазір есеп жүз мыңдап жүргізілуде.

Айта кетейік, ауыл халқының көші-қон сальдосы еліміздің барлық өңірінде теріс мәнге ие. Тек Алматы (7,6 мың адам) және Атырау (275 адам) облыстарында ғана оң көрсеткіш тіркелген. Дегенмен жалпы сальдоны қалыптастыруда халқы ең тығыз орналасқан Түркістан облысы басты рөл атқарады. Оның үлесі 26%-ды құрап, көрсеткіш –29,2 мың адамға жеткен.

Сонымен қатар табиғи өсім теріс көші-қон сальдосын өтей алмады: туғандар мен қайтыс болғандардың арасындағы айырма 96,8 мың адамды құрады. Осылайша, көші-қон мен табиғи қозғалыс нәтижесінде ауыл халқы өткен жылмен салыстырғанда 14,6 мың адамға азайды. Ал, керісінше, қала халқы 266,8 мың адамға көбейді.

Нәтижесінде бұл үдеріс елдегі урбанизация деңгейінің 0,8 пайыздық тармаққа өсіп, 63%-ға жетуіне алып келді. Бұл 2000 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ауылдардың қазіргі жай-күйіне назар аударып, Премьер-министрге сауал жолдаған еді. 

Оның айтуынша, ауылдар қараусыз қалған қарттың күйін кешіп отыр.

“34 жыл ішінде қаншама ауыл тұрғыны туған жерін амалсыз тастап кетті. Бұған инфрақұрылымның жоқтығы, медициналық қызмет пен білім сапасының төмендігі, тұрақты жұмыстың жетіспеушілігі, тіпті қарапайым интернеттің болмауы себеп. Соның салдарынан, қаншама ауылымыз “мүжілген сүйектей” мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды”, – деді депутат.

Оның сөзінше, 2024 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында 141 ауылдың ресми мәртебесі жойылған.

“Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – мыңдаған отбасының туған жері, өмірінің бір бөлшегі. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық? Иә, Үкіметтің “Ауыл – ел бесігі” және AMANAT партиясының “Ауыл аманаты” деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір - екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды ғой”, – деп атап өтті Зайытов.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы ауылды дамыту мәселесін бірнеше рет көтергенімен, іс жүзінде жағдай өзгермеген.

“Бүгінде ауыл тұрғындары өз күшімен кәсіп ашайын десе – қаржы тапшы, жер алғысы келсе – мүмкіндік жоқ, мал өсірейін десе – инфрақұрылым қарастырылмаған. Тіпті ауыл әкімдерінің өзінде қажетті техника мен қаржы жеткіліксіз. Осындай жағдайда халыққа “ауылдан неге көшесіңдер?” деп сұраудың өзі артық”, – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар