Алмасты жамандыққа қимаймын — Ләйлә Сұлтанқызы

Қаракөз Амантай 03 ақп. 2025 10:47 6746

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әнші Алмас Кішкенбаевқа қатысты айыптауға пікір білдірді, деп жазады Dalanews.kz.

Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімге тиісті деген күдікке ілінген әнші Алмас Кішкенбаевты қолдап, оның жақсы тәрбиемен өскенін және мұндай іске баруы екіталай екенін мәлімдеді. Дегенмен “барлығы тексеріліп, әділ шешім шығуы тиіс” деген ойын да жасырмады. 

Айта кетелік, Сұлтанқызы кезінде Кішкенбаевтың сахнаға шығуына ықпал еткен продюсер болған еді.

“Алмас туралы… Шыққан жерін білетіндіктен, анасын, алған тәрбиесін көргендіктен, өз басым жамандыққа қимаймын. Рас болса, қашып кетпесі анық, жауапқа тартылады. Өтірік, жала жабылған болса, 17 жастағы бала ата-анасымен бірге кешірім сұрап, іс жабыла сала ма? Ал айрандай төгілген Алмастың абыройы ше?, – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Айыптаудың мән-жайы

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram каналында 2007 жылы туған бозбаланың полицияға шағым түсіргенін жазған. Айтуынша, 17 жасар курьерге кешкі уақытта үш бөтелке сыраға тапсырыс берілген. Тауарды жеткізген соң, шамамен 40 жастағы ер адам жасөспірімді бірге ішуді ұсынған және интимдік тұрғыда тиіскен деген дерек келтірілген.

Оқиғаға байланысты жеткіншектің әкесі бірден құқық қорғау органдарына жүгінген. Кейін полиция қызметкерлері әнші Алмас Кішкенбаевты бөлімшеге жеткізгенін растады. Тексеру барысында сыраға тапсырыс берген адам дәл осы Кішкенбаев екені анықталды, бірақ оның қылмыстық әрекетке барғаны әлі дәлелденген жоқ.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға орай ресми түсініктеме берді:

“Әкесі кәмелетке толмаған ұлына тиісу фактісі бойынша арыз жазды. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін азамат К. полицияға жеткізілді”.

Заңгерлердің пікірінше, егер күдіктің расталмағаны анықталса, Кішкенбаевтың абыройын қалпына келтіру мәселесі өз алдына бөлек қаралуы мүмкін. Ал егер жасөспірімнің арызындағы деректер рас болса, әнші заң алдында жауап береді.

Алмас Кішкенбаевтың өзі әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Істің ақ-қарасын ажырату үшін продюсер Ерлан Алимовке байланысқа шыққан едік. Алайда ол үш ай бұрын әншімен жұмыс істеуін тоқтатқанын мәлімдеді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар