L-410 ұшағынан жасанды интеллектке дейін: ТЖМ мамандары саладағы жаңа мүмкіндіктер жайлы айтты

Қаракөз Амантай 30 қаз. 2025 14:37

Соңғы жылдары елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бағытында ауқымды жаңарту жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Dalanews.kz агенттігіне берген пікірінде хабарлады.

Ресми мәлімдемеге сүйенсек, кейінгі екі жылда министрлік материалдық-техникалық базасын айтарлықтай күшейтіп, заманауи техника мен құрал-жабдықтармен толықтырған.

“Қазіргі таңда біздің иелігімізде 4 мыңға жуық өрт сөндіру және авариялық-құтқару автотехникасы, 120 мыңнан астам жабдық пен жарақ бар. Сонымен қатар 191 ұшқышсыз ұшу аппараты қызмет атқаруда. 2024–2025 жылдары тағы 1500-ге жуық техника, 12 әуе кемесі мен 20 мыңнан астам құрал сатып алынды”, — деді министрліктің баспасөз қызметі.

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығының орынбасары Арман Құсайыновтың дерегінше, соңғы екі жылда қаржыландыру көлемін өсірмей-ақ материалдық-техникалық жарақтану деңгейі 40%-дан 65%-ға дейін өскен. Бұл ретте өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларының жаңа кешендері пайдалануға беріліп, заманауи техникамен жабдықталуда.

"Біз “Біртұтас принцип” қағидасы бойынша жылдам тұрғызылатын, үнемді нысандар салудамыз. Тек соңғы уақытта Астана, Атырау және Семей қалаларында жаңа кешендер іске қосылды. Жалпы алғанда екі жыл ішінде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы пайдалануға берілді”, - деп нақтылады ол.

Министрлік азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен кәсіби даярлығын арттыруға да ерекше назар аударып отыр.

“Жаңа нысанды киім үлгісі халықаралық стандарттарға сай қайта жасалды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құтқарушыларға арналған әлеуметтік жеңілдіктер, жәрдемақылар мен санаторлық емдеу жүйесі енгізілді”, - деді ҚР ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің басқарма бастығы Дәурен Сабыраев. 

2025 жылғы 24 маусымда қабылданған жаңа заң бойынша азаматтық қорғау саласына қатысты 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзету енгізілді. Бұл өзгерістер, мамандардың айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар министрлік жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) кеңінен қолдана бастаған.

“Бүгінгі таңда ТЖМ-де 191 ұшқышсыз аппарат бар, оның 132-сі жасанды интеллект функциясымен жабдықталған. 2025 жылдың басынан бері 2180 операция жүргізіліп, 43 адам құтқарылды. Бұл технологиялар төтенше жағдай кезінде мониторинг жасап, нақты уақыт режимінде ақпарат беруге мүмкіндік береді”, - деп түсіндірді ҚР ТЖМ Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаментінің бастығы Юрий Будрин. 

Министрлік биыл алғаш рет L-410 көпмақсатты ұшағын сатып алды. Ол іздестіру-құтқару, эвакуациялау және гуманитарлық жүктерді тасымалдау сияқты маңызды міндеттерді атқарады.

"Бұл - төтенше жағдайларға тез ден қоюға және жетуі қиын аймақтарға көмек жеткізуге мүмкіндік беретін үлкен қадам. Құтқарушылардың авиациясы осылайша жаңа деңгейге көтеріліп отыр", - деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу төтенше оқиғаларды болжау мен жедел әрекет ету тиімділігін едәуір арттырған.

Министрліктік өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар арасында нақты үйлесім орнаған.

"Биыл су тасқыны кезінде елді мекендерді су басу қаупі 95 пайызға азайды. Бұл - цифрлық бақылау жүйелері мен жедел ақпарат алмасудың нәтижесі", - дейді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров.

Төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық іс-қимыл алгоритмдері жаңартылған. Министрлік базасында құрылған Командалық орталық барлық төтенше жағдайлар бойынша бірыңғай үйлестіруді қамтамасыз етеді.

"Бұл орталық шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, азаматтарды құтқару мен көмек көрсету сапасын жақсартады. Мұнда ТЖМ қызметкерлерімен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары да тәулік бойы кезекшілік етеді”, - дейді министрлік маманы.

Жүйеде жасанды интеллектке негізделген аналитика енгізіліп, геоақпараттық карталар 2GIS және Яндексплатформаларымен біріктірілген. Мысалы, биыл алғаш рет «Tasqyn» су тасқынын болжау жүйесі іске қосылып, сегіз елді мекендегі төтенше жағдайды алдын ала болжауға мүмкіндік берді.

Бұған қоса, шахталардағы апаттарға жедел әрекет ету үшін «Qarmet», «Қазақмыс», «Қазмырыш» сияқты ірі өндіріс компанияларымен интеграция жүргізіліп жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, халықты жедел құлақтандыру бойынша «MASS ALERT» жүйесі Алматыда табысты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта ол сейсмикалық қауіпті 11 өңірде кезең-кезеңімен енгізілмек. Сонымен қатар интеллектуалды бейне талдау жүйелері мен дыбыстық модульдері бар дрондарбелсенді қолданысқа енгізілуде.

Ауыл халқының қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылып, 2024 жылы 63, ал 2025 жылы тағы 82 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады.

Сейсмикалық қауіптерге дайындық бойынша да маңызды жобалар қолға алынған.

"Алма-Арасан мен Аюсай шатқалдарында инновациялық гидро және сейсмологиялық бекеттердің пилоттық нұсқалары іске қосылды. Алдағы уақытта оларды басқа аймақтарда да орнату жоспарда бар", - дейді министрлік өкілі.

Бұдан бөлек, Алматыда «Алатау» оңтүстік базасы салынуда. Ол жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерді орналастыруға арналған көпфункционалды нысан болмақ.

Волонтерлер мен қоғамның рөлі артып келеді

ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу ісінде еріктілер қозғалысына да ерекше көңіл бөліп отыр. 2024 жылы «Қазқұтқару-2024» жиыны аясында табиғи және техногендік апаттарға ден қою тақырыбында волонтерлердің II республикалық форумы өтті.

Форумға еліміздің барлық өңірінен 20-дан астам еріктілер ұйымының өкілдері қатысып, құтқару, алғашқы көмек көрсету және суда іздестіру жұмыстарын үйренді.

"Форум тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, төтенше жағдай кезіндегі қоғамның жауапкершілігін арттыру құралына айналды", - деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.

Қазан айында өткен өңірлік форумдарға 339 еріктіден құралған 78 команда қатысып, алғашқы көмек көрсету мен өрт кезіндегі іс-қимыл бойынша жарысты. Ең үздік командалар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Министрлік өкілдері мұндай форматтағы шаралар волонтерлердің дайындығын күшейтіп қана қоймай, төтенше жағдайда көмек көрсетуге дайын азаматтардың ұйымшыл қауымдастығын қалыптастыратынын атап өтті.

Азаматтардың қауіпсіздік мәдениеті артып келеді

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Мадат Жағалбайлының мәліметінше, қазір барлық өңірде азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету алгоритмдері үйретіліп, өзіне және өзгеге көмек көрсету дағдылары қалыптастырылуда.

“Қауіпсіздік мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Біз халықты жүйелі түрде оқытып, жауапкершілік деңгейін арттыруға күш салып жатырмыз”, - дейді ол.

Мектептерде кезең-кезеңімен "Жас құтқарушы" сыныптары ашылып, оқушылар төтенше жағдайларда әрекет ету негіздерін үйреніп жүр. Сонымен қатар құтқарушылардың кәсіби даярлығы мен оқу-жаттығулардың жаңа форматтары енгізілуде.

"Өткен жылдан бастап биік ғимараттарда өрт кезінде тұрғындарды эвакуациялау үшін тікұшақ техникасын қолдану тәжірибесі енгізілді. Мұндай жаттығулар біздің қызметтің шынайы төтенше жағдайларға дайындығын арттырады", - деп қосты Жағалбайлы.

Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Ұлттық азаматтық қорғау орталығында 2 300 тыңдаушының 1 965-і оқудан өткен. Олардың қатарында орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар. Сондай-ақ, ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде 11 612 адам мен 971 волонтер арнайы дайындықтан өтті.

Балалардың қауіпсіздігі — басты назарда

Халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар мен ақпараттық шаралар да жиі өткізіліп келеді.

Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аясында елдің барлық өңірінде азаматтардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Министрліктің хабарлауынша, бұл шаралар азаматтардың қауіп кезінде дұрыс әрекет етуге дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында "Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда" акциясы өткізілді.

"Бұл акцияның мақсаты – балаларды қауіпсіздік негіздеріне оқыту, құтқарушы мамандығын насихаттау және өмірге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру", - деп атап өтті ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Мадат Жағалбайлы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар