Дала көшесіндегі мәселені қала әкімдігі неге шеше алмай отыр?

Қаракөз Амантай 30 қаз. 2025 16:15

Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты Дала көшесіндегі №146 тұрғын үй он жылдан астам уақыт бойы қаланың балансына қабылданбай, тұрғындары электр жарығын жекеменшік компаниялардан бірнеше есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Бұл туралы белгілі журналист әрі PR маманы Айбар Олжай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Тарифтің қымбаттығы өз алдына. Тіпті сол жарық апта сайын 4-5 рет сөнеді. Қазір үй екі күннен бері жарықсыз отыр. Наурызбай ауданы әкімдігі үйді қала балансына қосамыз деп соңғы 5 жыл бойы уәде беріп келеді. Бірақ іс жүзінде ешқандай нәтиже жоқ", - дейді Олжай.

Оның айтуынша, биыл көктемде көше тұрғындары Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаевамен кездесіп, мәселені талқылаған. Әкім сол кезде “мәселе қысқа мерзімде шешіледі, тариф көтерілмейді” деп уәде берген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, нақты нәтиже жоқ, керісінше тариф 1 кВт үшін 48–52 теңгеге дейін көтерілген.

“Ал Дала көшесінде жарық жиі сөнеді. Үйлерінде төрт кішкентай бала бар. Қыста олар тіпті үйді жылыту үшін газ қазандығын қоса алмайды. Себебі ол электр қуатына тәуелді. Қақаған қыс келе жатыр. Алматының ортасында отырған бұл отбасының тағдыры кәдімгідей алаңдатып отыр. Назира Асылбекқызы өте іскер әкім. Осы мәселені тез шешеді деген үміт бар”, — деп түйіндеді журналист.

Осы тұста Dalanews.kz агенттігі әкімдікке сауал жолдады. Ресми жауапта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны хабарланған.

“Қазіргі таңда ауызсу жүйесін жүргізу үшін инженерлік желілер тартылып, асфальт жабындысы төселген.

Электр желісіне қатысты мәселе бойынша бүгін, сағат 17:15-те, Алматы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай және "Тараз Энерджи" ЖШС мердігер ұйымының өкілдерінің қатысуымен жиын өтеді. Аталған жиын қорытындысы бойынша қосымша ақпарат ұсынымыз”, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Әкімдік №146 үйді қала балансына қосу мәселесіне қатысты да пікір білдірді. 

"Трансформаторлық подстанцияларды (ТП) балансқа алу мәселесі аудан әкімдігінің құзыретіне кірмейді. Бұл шешімді қабылдау құқығы тек Алматы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына тиесілі.

Наурызбай ауданы әкімдігі өз тарапынан тиісті басқармамен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету процесін жеделдету бойынша жұмыстар жүргізуде.

Жиында да тұрғындар үшін тиімді шешім табу жолы қарастырылады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар