Қазақстанда тіркелмеген шетелдік маркетплейстер бұғатталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 30 қаз. 2025 14:29

Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) шетелдік онлайн-сауда алаңдары елде тіркеліп, қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеуі тиіс екенін ескертті. Бұл талапты орындамаған маркетплейстерге ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

МКК ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайықтың айтуынша, шетелдік маркетплейстерде қазақстандықтар жасаған онлайн-сатып алуларға қатысты салықты пайдаланушылар емес, сол платформалардың өздері төлеуге міндетті.

"Біз оларға тіркелу қажеттігі туралы хабарламалар жібереміз. Банк операцияларын бұғаттау шарасы қолданылмайды, өйткені олардың Қазақстанда шоттары жоқ. Алайда өзге тетік бар – егер ескерту орындалмаса, олардың интернет-ресурстарына қолжетімділік тоқтатылады", – деді Әзімшайық.

Қарапайым тілмен айтқанда, егер шетелдік маркетплейс Қазақстанда тіркелмей, ҚҚС төлеуді бастамаса, қазақстандық пайдаланушылар оның сайтына кіре алмайды.

"Тіркелмеген компаниялар Қазақстан аумағында жұмысын жалғастыра алмайды", – деп нақтылады ол.

Мемлекеттік кірістер комитеті заң бұзған компанияларды Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып анықтайды. Ол үшін шетелдік интернет-компанияларға жасалатын төлемдер талданады.

2026 жылдан бастап мұндай онлайн-платформалар үшін ҚҚС мөлшерлемесі жалпы салық төлеушілерге арналған тәртіппен 12%-дан 16%-ға дейін өседі.

"Бұл талап шетелдік компанияларға қатысты. Олар Қазақстанда тіркелуге міндетті, бірақ әділет органдары арқылы емес – шартты тіркеу түрінде. Біз арнайы реестр енгіземіз. Тізімге енгендер қазақстандық азаматтардың сатып алуынан түскен табысқа ҚҚС төлейді. Шетелдік компаниялар бұл салықты ай сайын, келесі айдың 20-сына дейін аударады", – деп түсіндірді Әзімшайық.

Оның айтуынша, мұндай алаңдарға бақылау тұрақты түрде жүргізіліп отырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар