Қазақстан Швейцариядан Динара Құлыбаеваның Женевадағы зәулім сарайын тексеруді сұрамаған

Көркем Алдабергенова 18 ақп. 2025 12:40 533

Қазақстан Бас прокуратурасы жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитет Динара Құлыбаеваның Швейцариядағы жылжымайтын мүлік мәмілелерін тексеруге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомство «Орданың» ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Комитеттің мәліметінше, Швейцария құқық қорғау органдары Құлыбаеваның активтерінің заңдылығын тексеру үшін Қазақстан тарапына ресми сұраныс жасамаған.

«Қазіргі уақытта Динара Құлыбаеваның активтерінің заңдылығын тексеру бойынша ҚР Бас прокуратурасына ешқандай сұраныс түскен жоқ және ҚР Бас прокуратурасы тарапынан Швейцария Конфедерациясына мұндай сұраныстар жолданған жоқ», — делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, комитет активтерді қайтару бойынша жүргізілетін кез келген сұрау мен ақпарат алмасу «шектелген ақпарат» санатына жататынын еске салды.

Алайда бұл жауап Қазақстанның басқа құқық қорғау немесе қадағалау органдары Швейцарияға Құлыбаева 2019-2020 жылдары Женевада жасаған мәмілелерді тексеру туралы сұраныс жібермеді дегенді білдірмейді. Мұндай сұраныс банк арналары арқылы да түсуі мүмкін, өйткені бұл қомақты қаражат элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін пайдаланылған.

Қызық дерек — 2024 жылдың қарашасында Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару тетіктерін жетілдіру туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл келісім екі елдің прокуратураларына күмәнді мәмілелер бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Сондықтан Швейцариядан Құлыбаеваның сарайына қатысты сұраныс түсуі әлі де мүмкін.

Динара Құлыбаева — Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы және белгілі олигарх Тимур Құлыбаевтың жұбайы. Ол 2019 жылдың тамызы мен 2020 жылдың шілдесі аралығында Женевада жалпы құны 126 млн швейцар франкін (шамамен 69,7 млрд теңге) құрайтын үш жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған. Солардың бірі — атақты Бельрив сарайы.

Өткен аптада Женева прокуратурасы осы мәмілелерге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар