Қазақстан Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) Ресейдің қатысуынсыз салатын болды, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
«Үш ЖЭО бойынша EPC-келісімшарттар жасалды, ол жерде ресейлік мердігерлер жоқ. Құрылысты қазақстандық мердігерлер жүргізеді», – деді Есімханов. 
Оның айтуынша, жобаларды қазақстандық-сингапурлық консорциум іске асырады. Қазіргі таңда Семей мен Өскемендегі ЖЭО бойынша келісімшарттар 2026 жылдың басында жасалып қойған. 
Вице-министрдің мәліметінше, жобалар «кілт тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асады, яғни мердігер жобалау, жабдық жеткізу және құрылыс жұмыстарын толық өз мойнына алады. 
Сонымен қатар, станцияларда заманауи технологиялар, соның ішінде «таза көмір» және цифрлық шешімдер қолдану жоспарланған. 
Жобалардың құны да белгілі болды. Көкшетаудағы ЖЭО шамамен 350 млрд теңгеге бағаланса, Семей мен Өскемендегі станциялар әрқайсысы шамамен 400 млрд теңгеден асады. 
«Жобалар бюджет есебінен қаржыландырылмайды. Компаниялар өздері қаражат тартып, станцияларды салады, кейін тариф арқылы шығындарын қайтарады», – деп түсіндірді Есімханов. 
Құрылыс жұмыстары жақын айларда белсенді кезеңге өтеді. Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдан басталып, барлық станцияларды 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. 
Айта кетейік, бастапқыда бұл жобаларды Ресеймен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда қаржыландыру мәселелері мен келіссөздердің созылуына байланысты Қазақстан жобаларды өз бетінше іске асыру туралы шешім қабылдады.
