Қазақстанға сапармен келген Ресей Сыртқы істер министрлігінің басшысыСергей Лавров Алматыда орден алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
11 сәуір күні Сергей Лавров Алматыда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің биылғы алғашқы отырысына қатысады.
Ал 10 сәуір күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Алматыда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер жүргізді.
Тараптар екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында өткен кездесуде маңызды халықаралық және өңірлік мәселелерді, сонымен қатар екі ел арасындағы күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды талқылады. Сонымен қатар, Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық алаңдар мен мемлекетаралық бірлестіктер аясындағы ынтымақтастықтың негізгі ұстанымдары келісілді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Сергей Лавров пен Мұрат Нұртілеу Панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, делегация Қазақстан Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне барды.
Сапар барысында Лавров Вознесен кафедралды соборына да барды. Онда ол Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Кездесу аясында митрополит Ресей СІМ басшысына Қазақстан Православ шіркеуінің ең жоғары марапаты – «Бейбітшілік пен келісім» орденін табыстады.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл сапар – Мәскеу мен Астана арасындағы сенімді серіктестіктің көрінісі. Ол екі ел арасында 2025 жылы өтетін жоғары және аса жоғары деңгейдегі маңызды іс-шараларға мазмұнды дайындық жасауға бағытталған.