«20 жылдан бері лаңкеспін»: Атырауда екі әйел жауапқа тартылмақ

«20 жылдан бері лаңкеспін»: Атырауда екі әйел жауапқа тартылмақ
видео кадры

Атырауда TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде өзін «лаңкеспін» деп таныстырған екі әйел жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жасы 38 және 39-дағы екі әйел «Дина» базарында парфюмерия сатып, сауда жасап жүрген. Олар тікелей эфир барысында өздерін «лаңкеспіз» деп атап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен таныс екенін айтқан.

Әйелдердің бірі эфир кезінде: «Мен 20 жылдан бері лаңкеспін, мені бүкіл ҰҚК біледі», – деп мәлімдеген.

Әлеуметтік желіде видео қызу талқыланғаннан кейін полиция қызметкерлері әйелдердің кім екенін анықтап, оларды бөлімшеге жеткізген.

Оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалған. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату және қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша хаттамалар толтырылған.

Қазіргі уақытта әкімшілік істер сотқа жолданды. Сонымен қатар әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Полиция әлеуметтік желілерде, соның ішінде тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңда жауапкершілік көзделгенін еске салды.